Енді зардап шеккен әйелдер әйел полицейлер учаскесіне барып, көмек сұрай алады
Бұл туралы Орталық Азия елдері әйелдер диалогының халықаралық конференциясында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Конференция «Өңірдегі гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес: тиімді және тұрақты бірлескен шешімдерді іздеу» тақырыбына арналған.
Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде соңғы екі жылда әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторларының саны екі есеге өсті. Кейде әйелді тек әйел ғана түсіне алады. Сондықтан біз әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарын тергеуде әйел тергеушілерді мамандандыруды енгіздік, - деп айтты Ерлан Қошанов конференцияда.
Республика бойынша жедел-тергеу тобына 280 әйел тергеуші кіреді.
Қазақстанда алғаш рет пилоттық режимде әйелдер полиция бөлімшесі құрылды, онда тек әйелдер жұмыс істейді. Енді зардап шеккен әйелдер мұндай учаскеге өз қиындықтарымен еркін келіп, қорғауды сұрай алады. Жақын арада бұл тәжірибе бүкіл ел бойынша таралады. Біз зорлық-зомбылықтың салдарымен ғана емес, сонымен бірге оның туындау мүмкіндігінің алдын алуымыз керек. Бізге дұрыс құрылымдалған идеологиялық жұмыс керек, - дейді Мәжіліс спикері.
Қошанов отбасындағы ерлердің толық үстемдігі туралы бұрмаланған идея өткеннің еншісінде қалуы керегін атап өтті. Оның сөзінше, мектеп қабырғасынан бастап жас ұрпақтың санасына дұрыс құндылықтарды сіңіру керек.
Халық арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырып, тұрмыстық вандализмнің кез келген көріністеріне төзбеушілік таныту қажет. Президентіміз айтқандай, заң мен тәртіптің диктатурасын қатаң ұстану керек, - деп түсіндірді ол сөзін.