Енді университетті 3 жылда аяқтауға бола ма? Үкімет түсіндірді
Қазақстанда кейбір мамандықтар бойынша бакалавриатта үш жыл оқып, диплом алуға заңнамалық мүмкіндік бар. Алайда бұл барлық мамандыққа бірдей қолданыла бермейді. Премьер-министр Олжас Бектенов Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында үш жылдық оқыту форматының ерекшеліктерін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысының мәліметінше, Қазақстанда жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын мемлекеттік стандарттар мен кәсіби талаптарды сақтай отырып, жұмыс берушілердің сұранысына сай өздері әзірлейді. Бағдарламалар тиісті сараптамадан өтіп, бекітілген тәртіппен тіркеледі.
Үш жылдық және төрт жылдық бакалавриат бағдарламалары оқу ұзақтығы бойынша ерекшеленгенімен, білім мазмұны мен академиялық кредиттерге қойылатын талаптарға сәйкес келуге тиіс. Жалпы ереже бойынша, студент бакалавриат кезеңінде 240 академиялық кредитті, ал кейбір бағыттарда кемінде 300 кредитті меңгеруі керек.
Осыған байланысты үш жылдық оқу форматы білім бағдарламасын жай ғана қысқарту емес, оқу процесін қарқынды әрі икемді ұйымдастыру тәсілі ретінде қарастырылады. Негізгі талап - мамандарды даярлау сапасын төмендетпей, белгіленген оқу нәтижелеріне қол жеткізу.
Қандай мамандықтарда оқу мерзімін қысқарту қиын?
Үкімет жауабында кейбір бағыттарда оқу мерзімін қысқарту мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігі айтылған. Олардың қатарында медицина, ветеринария, өнер, кейбір педагогикалық, жаратылыстану, инженерлік-техникалық және гуманитарлық мамандықтар бар.
Бұл салаларда кәсіби құзыреттерді қалыптастыру ұзақ теориялық және практикалық даярлықты талап етеді. Сондықтан мұндай бағдарламаларды қысқарту кезінде академиялық кредиттер көлемі, тәжірибелік сабақтар мен арнайы біліктілік талаптары жеке қарастырылуы қажет.
16 мыңнан астам студент триместрлік жүйемен оқып жүр
Қазір Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орнында триместрлік жүйемен оқыту тәжірибесі бар. Бұл формат компьютерлік ғылымдар, киберқауіпсіздік, үлкен деректерді талдау, бағдарламалық инженерия, ақпараттық жүйелер, жасанды интеллект, цифрлық құқықтану, бизнес-талдау және маркетинг сияқты бағыттарда қолданылады.
Үкімет мәліметінше, мұндай жүйемен 16 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Олардың қатарында Astana IT University, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы Менеджмент Университеті, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Қазақ ұлттық спорт университеті, Qairu университеті және М.Х. Дулати атындағы университет студенттері бар.
Бұл ретте оқу ақысы студент меңгерген академиялық кредиттер көлеміне қарай есептеледі. Үкімет түсіндірмесіне сәйкес, қарқынды үш жылдық формат мамандарды жеделірек даярлауға мүмкіндік бергенімен, оқу шығындарын немесе оқу ақысын автоматты түрде төмендетпейді. Керісінше, профессор-оқытушылар құрамына және университет инфрақұрылымына түсетін жүктеме қысқа мерзімге шоғырлануы мүмкін.
Үш жылдық оқытуды 2027 жылы талдайды
Үкіметтің мәліметінше, Ғылым және жоғары білім министрлігі 2027 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және салалық бизнес өкілдерімен бірлесіп, жоғары оқу орындарындағы үш жылдық оқыту тәжірибесіне талдау жүргізуді жоспарлап отыр.
Зерттеу қорытындысы бойынша мамандар даярлау жүйесін жетілдіруге қатысты кейінгі шаралар қарастырылмақ.
Сонымен қатар білім беру бағдарламаларының қарқындылығы мен нақты шығындары, түлектердің өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы, жұмыс берушілердің қанағаттану деңгейі, түлектердің табысы және кәсіптік сертификаттау нәтижелері де бағаланбақ.
Осы көрсеткіштер негізінде білім беру бағдарламаларын нормативтік және қаржылық қамтамасыз ету тетіктерін талдау көзделген.
Демек, үш жылдық бакалавриат форматы Қазақстанда мүмкін болғанымен, оны барлық мамандыққа бірдей енгізу туралы шешім қабылданған жоқ. Үкіметтің жауабына сәйкес, бұл бағыттағы жұмыстар оқу сапасы мен еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып жалғасады.