Енді ұлттық спорт түрлеріне ерекше басымдық беріледі

Мәжіліс дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының сөзінше, бүгін екінші оқылымға шығарылған аталған заң жобасы еліміздің дене шынықтыру саласындағы жылдар бойы қордаланған мәселелерді мадиықтап, спорттағы сірескен тоңның көбесін сөгеді.

Қазынаның қаржысына қол салған, қол салғанда мол салған талайдың тәбетін қайтарып, бюджеттен спортқа бөлінген ақшаның діттеген жеріне жетуін қамтамасыз етеді, - деді депутат.

Заңда жоғары жетістіктер спортына жататын спорт түрлерін шектеу ұсынылады. Осы мақсатта Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Параазиада ойындарының бағдарламасына енгізілген спорт түрлерін ранжирлеу алынып тасталады. Бұл ретте Туризм және спорт министрлігі халықаралық жарыстарда жеңіп алған медальдардың қорытындысы бойынша басымдық берілетін спорт түрлерін бекітеді.

Ұлттық спорт түрлері енді басым спорт түрлерінің қатарына енеді. 

Заңда спорт федерацияларын аккредиттеудің сатылы моделін құру көзделген. Яғни, енді жергілікті аккредиттелген спорт федерацияларының республикалық немесе облыстық спорт федерациясына мүше болуы талап етіледі.

Сондай-ақ заңда спорт федерацияларының діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын қабылдау міндеті қарастырылған. Туризм және спорт министрлігінің жеке құзыреттерін шамадан тыс заңнамалық реттеу нормаларын алып тастау көзделген. Туризм, дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметті мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары, мақсаттары мен міндеттері нақтыланды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Мәдениет – ел айнасы
Өзгелердің жаңалығы