Енді тасжолда жануарлардың қатысуымен болатын жол апаттары азаяды
Жолшылар жануарлардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын алдын алуға мүмкіндік беретін жаңа технологияны сынақтан өткізе бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Республикалық маңызы бар "Өскемен-Семей" күре жолының 102 шақырымында жануарлардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларын алдын алуға арналған "Қорғау" автономды жарық-сигналдық кешені сынақтан өтуде.
Мамандар бұл тәжірибелік-эксперименттік учаскені жолдың екі жағында мал шаруашылығы болған соң таңдады. Сынақтан өтіп жатқан кешен зияткерлік коммуникация жүйесіне негізделген бірнеше құрылғылардан (посттардан) тұрады.
Бұл технологияның басты артықшылығы — көлік жүргізушілері қараусыз жайылған үй жануарлары кенеттен жол бойына шыққан кезде ескерту сигналын алады. Құрылғы күндіз де, түнгі уақытта да жұмыс жасайды. Технологияны отандық "Nur-Saylet" компаниясы ойлап тапты. Технология сынақтан сәтті өткен жағдайда оны басқа да республикалық маңыздағы тасжолдарға орнату көзделіп отыр.