Енді студенттер SMS арқылы жатақханадан орын ала алады

Ғылым және жоғары білім министрлігі ЖОО-ларда жатақхана орындарын бөлу қағидаларына өзгеріс енгізбекші, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жатақханаларындағы орындарды бөлу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 219 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы бұйырамын, - делінген хабарламада.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға жатақхана беру (бұдан әрі мемлекеттік қызмет) студенттердің өтініші негізінде тегін көрсетіледі.

Өтінішті қабылдау және жатақхана беру жөніндегі мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі төмендегі тәсілдер арқылы жүзеге асырылады:

1) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (ЖЖОКБҰ) ақпараттық жүйелері;

2) «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы.

Қағидаларға енгізілетін өзгерістерге сәйкес мемлекеттік қызмет проактивті тәсілмен, яғни студенттің өтінішінсіз қарастырылады. Ол үшін студенттің телефон нөмірі «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелуі тиіс.

Көрсетілетін қызметті алушыдан жауапты күту мерзімі сұрау салуды алған сәттен бастап 24 сағатты құрайды.

Құжат Ашық НҚА сайтына орналастырылды. 9 ақпанға дейін қоғамдық талқылаудан өтеді. Оның толық мәтінімен танысу үшін сілтеме арқылы өтіңіз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы