Енді сталкерлер қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан еліміздің Қылмыстық кодекске "сталкинг" ұғымын енгізу талқыланып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, "сталкинг" терминін қазақшаға аудару қарастырылмаған. Себебі бұл ұғым әлемдік деңгейде кеңінен қолданылады және халықаралық тәжірибеде осы атау сақталады.

Бұл норманың негізгі мақсаты – азаматтарды бірден соттап, түрмеге отырғызу емес, ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу, – деді Абзал Құспан.

Жаңа норма қылмыстық теріс қылық ретінде енгізілмек. Алайда қылмыстың қайталануы немесе басқа ауыр құқықбұзушылыққа ұласуы мүмкін бе – бұл сұрақ әлі талқылану үстінде. 

Біз Германия мен Канаданың тәжірибесін зерделедік. Канадада сталкинг ауыр қылмыс санатына жатады. Бірақ біз бұл норманы бірден ауыр қылмыстар қатарына қоспаймыз. Уақыт өте келе тергеу және сот тәжірибесі негізінде, егер қайталану жағдайлары жиілесе, оны ауырлатылған санатқа ауыстыру мәселесін қарастыруымыз мүмкін, – деді депутат.

Абзал Құспанның айтуынша, сталкинг жасағандар бастапқы кезде айыппұл төлейді. Ал егер ол әрекет қайталанса, қылмыс ауырлануы мүмкін.

Сталкинг қалай анықталады?

Егер азамат өзін қудалау немесе жеке өміріне заңсыз араласу жағдайына тап болды деп санаса, ең алдымен ішкі істер органдарына арыз-шағым түсіруі қажет. Полиция арызды қабылдаған соң, тергеу амалдары жүргізіледі.

Жаңа норма қабылданған жағдайда сталкингке қатысты құқықбұзушылықтарға нақты жауапкершілік қарастырылады. Сонымен қатар қоғамда бұл қылмыстың алдын алу үшін кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілмек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы