«Енді шекпеймін»: ІІМ оқушыларға профилактикалық сабақ өткізді
Ішкі істер министрлігі Астана қаласындағы №73 физика-техникалық лицейінде 7-8 сынып оқушыларына «Есірткісіз болашақ» профилактикалық сабағын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шара оқушыларға есірткі саудалайтын интернет дүкендерінің жарнамасы және есірткі заттарын жарнамалау мен насихаттауға қандай қылмыстық жауапкершілік көзделгені жөніндегі ақпараттарды қамтыған профилактикалық бейнероликтерді көрсетуден басталды.
Кейіннен Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл департаментінің жедел уәкілі мен нарколог дәрігер оқушыларға интерактивті дәрістер өткізді.
Бүгінгі сабақтың мақсаты – өскелең ұрпаққа синтетикалық есірткінің зияны мен зардабы жөнінде ақпарат беру, есірткі қылмыстары үшін балаларға қылмыстық жауапкершіліктің бар екенін түсіндіріп, оларға құқықтық кеңес қана беріп қоймай, олардың құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал ету, - деді ҚР ІІМ Идеологиялық және имидждік жұмыс департаменті PR-жобалар тобының сарапшысы Нұғман Жахудаев.
Мамандардың айтқаны өтімдірек
Қазір орта білім беру мекемелерінде мектеп инспекторының қызметін құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі менеджер атқарады. № 73 физика-техникалық лицейінің құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі менеджері – Ішкі істер департаментінің зейнеткері, Ауған соғысының ардагері Ерболат Серікбаев. Ол әріптестері өткізген профилактикалық сабаққа бастан-аяқ қатысып, іс-шара басталмас бұрын өз пікірін білдірді.
Қазір жасөспірімдердің арасында осындай шаралар көп өткізіліп тұруы керек. Өйткені енді өсіп келе жатқан балалар қылмыстың не екенін түсінбейді. Қазір бізде басты мәселе – электронды темекілер. Оқушылар оның денсаулықтарына қандай зиян келтіретінін білмейді. Сондықтан оның зиянын айтып, есірткі қылмысының алдын алу өте орын іс, - деді ол.
Менеджер мұндай профилактикалық сабақтарды өз мамандары өткізуінің маңызын да атады.
Мен қылмысты болдырмау, бұзақылықтың алдын алу істерімен айналысамын. Мектептің ішінде айына бір рет осындай іс-шаралар мен әр сыныпқа кіріп сөйлесу жұмыстарын жүргізіп тұрамын. Бірақ қанша дегенмен сырттан келген, осы саланың нақ мамандарының айтқаны балаларға өтімдірек, - деді Ерболат Серікбаев.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде»
Қазақстан Республикасы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Данияр Орал дәрісте оқушылармен кәсіби ғана емес, жеке тәжірибесімен де бөлісіп, дәрісін орта таңдаудың маңызынан бастады.
Әр ата-ана өзінің баласының болашағы жарқын, жақсы азамат болып өскенін қалайды. Ол үшін сіздерге ең бірінші кезекте жақсы орта қажет. Орта таңдай біліңіздер, - деді лейтенант.
Ол сондай-ақ мектеп жасындағы балалар қалай орта қалыптастыратынына да тоқталды. Кейіннен оқушылармен арман-мақсаттары жөнінде әңгіме жүргізіп, олардың жүзеге асуына есірткіге қатысты кедергілер де болуы мүмкін екенін айтты. Қазіргі кезде жас балаларға есірткі заттарын, яғни психобелсенді заттарды жасырып кететін қызмет түрін ұсыну жүріп жатқанына мысал келтірді.
Осындай қызметпен айналысатын мектеп жасындағы балалар бар, өкінішке қарай. Жақында Семей қаласында колледждің 3 студентін қолға түсірдік. Үшеуі де есірткі заттарын жасырумен айналысқан 17-18 жастағы балалар болып шықты. Олар да футболшы болып, таңдаған мамандығымен арманын орындағысы келді. Бірақ енді түрмеде отыр, - деді Данияр Орал.
Тәуелділік никотиннен басталады
Нарколог дәрігер, балалар психологі Эльмира Ғабиденқызы өз дәрісінде алкогольге, есірткіге және токсикоманиялық заттарға тәуелділік түрлеріне қысқаша тоқталып өтті. Ал дәрістің негізгі бөлігін оқушылардың арасында жиі кездесетін никотинге тәуелділікке арнады.
Жастарда тәуелділік негізінен никотинге тәуелділіктен басталады. Никотин деген дәл қазіргі уақытта вейб, темекі және насыбайға тәуелділік. Мысалы, темекіні 18 жасқа дейінгі адамға сатуға заңмен шектеу қойылған. Сондықтан балалар көбіне вейб пен насыбайды сатып алады, - деді маман.
Сонымен қатар, Эльмира Ғабиденқызы дәрісте оқушылармен бірге насыбайдың құрамын түгендеді.
Насыбайға нәжіс қосылады. Ол тек тауықтың нәжісі емес, басқа да жануарлардың, тіпті адамның экскременті болуы мүмкін. Содан соң әк, никатин ретінде темекі және дәмдеуіш ретінде өсімдік қосылады. Болды. Бұл – насыбай жасалуының жалғыз жолы. Ал құрамдардың мөлшері әр жерде әртүрлі, - деді дәрігер.
Эльмира Ғабиденқызы насыбай ату салдары қандай ауруларға әкеліп, асқазанның қатерлі ісігіне де душар етуі мүмкін екенін айтты.
Дәрігер бастапқыда адамдарды өкпенің қатерлі ісігінен қорғау үшін Қытайда ойлап табылған электронды темекінің де тарихына, құрамына, соқтыруы мүмкін салдарына тоқталып өтті.
«Енді шекпеймін»
Балалар жылы аясында өткізілген «Есірткісіз болашақ» профилактикалық сабағына оқушылар белсене қатысты.
Мен вайбтың дәмін бір рет көрдім. Бірақ енді шекпеймін. Өйткені электронды темекі, жай темекі, есірткінің зияны көп екенін білдім. Өмірімді құртқым келмейді, мен футболиспін ғой, - деді 7 «е» сыныбының оқушысы Абумансұр Исмат іс-шарадан кейін.
7 «е» сыныбының оқушысы Нұрай Нұраханова да дәрістің көңілінен шыққанын айтты.
Маған бүгінгі дәріс қатты ұнады, көп жаңа нәрселерді білдім. Мысалы, темекі мен насыбайдың неден жасалатынын білмеген едім. Ал қазір олардың құрамын және оны тұтынсаң не болатынын білемін. Сосын бізге сыйлықтар берді, - деді ол.
Профилактикалық сабақтан соң ұйымдастырушылар оқушыларға кітап, блокнот сияқты естелік сыйлықтар табыстады.