Енді ректорлар университетті ұзақ мерзім басқара алмайды
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университет ректорларының мерзіміне өзгеріс енгізілетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер министрден кейбір жоғары оқу орындарының ректорлары тым ұзақ уақыт басқарып келе жатқанын айтып, сұрақ қойды.
Мәселен, Ерлан Сыдықов Еуразия ұлттық университетінің ректоры қызметінде жүргеніне биыл 13 жыл болады екен. Бұл мерзім тым ұзақ емес пе? - деп сұрады БАҚ өкілі министрден.
Саясат Нұрбектің сөзіне қарағанда, енді ректорларды тағайындау қағидаты өзгереді.
Біздегі ұлттық университеттер ректорларының мерзімін үш жылға базалық келісімшарт бойынша ұзарту мүмкіндігі бар. Иә, 13 жыл мерзім ұзақ. Сол себепті қазір ректорларды тағайындау ережелерін пысықтап жатырмыз. 14-15 наурызда арнайы республикалық комиссияның отырысы өтеді. Сол жерде жаңа қағидаттар қабылданады, - деп ведомство басшысы журналистің сұрағына жауап берді.
Нұрбектің айтуынша, жаңа ережеде ректорлардың қызметін екі мерзімнен артық ұзартпау ұсынысы бекітілмек.
Кейінгі 10 жылда министрлік арнайы академиялық автономия принциптеріне көшіп жатыр. Бұрынғыдай министрдің тікелей ректорды тағайындап, оны үстінен бақылап отыруы қағидаларынан бас тарттық. Қазір шетелдік форматқа көшіп жатырмыз. Енді ректорлармен директорлар кеңесі немесе қамқоршы кеңесі арқылы жұмыс істейміз, - деді ол.