Бүгiн 2026, 13:25 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Енді қайтыс болған адамның зейнетақысын туыстары бірреттік төлеммен ала алады

Мәжіліс зейнетақы аннуитетіне қатысты жаңа өзгеріс енгізді

Парламент Мәжілісінде зейнетақы аннуитетіне қатысты жаңа норма қабылданды. Депутат Асхат Аймағамбетов өзгерістер қандай норманы қамтитынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі жүйеде аннуитеттік зейнетақыны 55 жастан бастап рәсімдеген азаматтар зейнеткерлікке ерте шыға алады. Алайда кей жағдайларда азаматтар зейнет жасына жетпей қайтыс болуы мүмкін.

Мұндай жағдайда оның қалған қаражаты мұрагерлерге өтеді. Бірақ қазіргі тәртіп бойынша бұл қаражат бірден берілмей, белгіленген мерзімге сәйкес ай сайын бөліп төленеді. Өңірлерде азаматтардан осыған қатысты ұсыныстар түсті, – деді ол.

Депутат Атырау, Ақтау және басқа да елді мекендерге сапар жасағанында азаматтар бірреттік төлем алу мүмкіндігін көтеруді сұраған. Осыған байланысты заңнамаға өзгеріс енгізіліп, жаңа мүмкіндік қарастырылған. Енді мұрагерлерге аннуитет бойынша қалған қаражатты бірден алу құқығы берілуі мүмкін.

Бұл азаматтардың мүддесін қорғайтын маңызды шешім деп санаймыз, – деді депутат.

Айта кетейік, бүгін Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады.