Енді қандастар жұмысқа орналасуға міндетті болады
Жаңа өзгерістерге сәйкес, қоныс аударған азаматтар мен қандастар жаңа өңірде міндетті түрде жұмысқа орналасуы тиіс.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыруға бағытталған бұйрыққа өзгерістер енгізуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжат Ашық НҚА сайтында жарияланды.
Әңгіме 2023 жылғы 22 маусымдағы №234 бұйрыққа толықтырулар енгізу туралы құжат жобасы жайында болып отыр. Бұл құжат ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасының тиімділігін арттыру мақсатында әзірленген.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, қоныс аударған азаматтар мен қандастар жаңа өңірде міндетті түрде жұмысқа орналасуы тиіс. Сонымен қатар олардың жұмыспен қамтылғаны әлеуметтік аударымдар арқылы расталмақ.
Министрлік мәліметінше, тәжірибе көрсеткендей, ресми жұмыстың болмауы қоныс аударушылардың жаңа жерде тұрақтап қалуына кері әсер етеді. Нәтижесінде кей азаматтар қайта көшіп кетіп, бұл жергілікті бюджетке қосымша жүктеме түсіреді.
Осы мәселені шешу үшін жаңа талаптар енгізіліп отыр. Негізгі мақсат – қоныс аударушыларды жұмыспен қамту және олардың жаңа өңірлерде тұрақтап қалуын қамтамасыз ету.
Ақпаратқа сәйкес, бұл өзгерістер қабылданған жағдайда теріс әлеуметтік-экономикалық салдар болмайды деп күтіледі.