Енді психиатриялық және наркологиялық есепте тұрғандарға кредит берілмейді
Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова депутат Ержан Бейсенбаевтың сұрағына жауап бергенде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Психиатриялық және наркологиялық есепте тұрған адамдардың лудоманияға қарсы қарыз беруге тыйым салу бойынша ұсынымыңызды айтып берсеңіз. Кредит беру кезінде мұндай адамдарды тексеру іс жүзінде қалай жүзеге асырылады? Психиатриялық және наркологиялық есепте тұрған адамдар туралы ақпарат ашық па? Бізде психиатриялық және наркологиялық есепте тұрғандардың бірыңғай тізімі бар ма? - деп сұрады ол агенттік төрағасынан.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова депутаттың сұрағына жауап берді.
Психиатриялық және наркологиялық есепте тұрған азаматтарға кредит шектеу туралы ұсынысты біз қолдаймыз. Қазіргі уақытта Азаматтық кодексте аталған тұлғаларға сот шешімі бойынша кредит беру шектеледі. Біз осыған қосымша нормативтік деңгейде бірқатар түзету дайындадық. Банктерде тәуекелдерді басқару жүйесі бар, сол арқылы банктер мен микроқаржы ұйымдары осы санатқа жататын азаматтар үшін кредит беруді шектеу, оларға жоғары тәуекел деген мәртебесін қояды және оларға кредитті шектейді. Бірақ ол азаматтар бойынша мәліметтің бәрі кредиттік бюро ішінде болуы керек. Ақпарат кредиттік бюрода болса, банктер одан ақпаратты алып, соларға жоғары тәуекел деген мәртебе береді. Лудомандар бойынша жұмысты өткен жылдан бері жасадық. Қазіргі уақытта барлық ақпарат кредиттік бюрода жиналады, олар арнайы тізім жасайды. Соңғы алты айда онлайн платформаларға 300 мың теңгеден астам мөлшерде тұрақты ақша аударымдары болса, сол азаматтарды тізімге кіргізеді, - дейді Әбілқасымова.
Ал Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев қазіргі уақытта бізде 18 мыңнан астам адам наркомания бойынша динамикалық бақылауда тұрғанын айтты.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау кодексінің 273-бабына сәйкес, медициналық қызметкерлердің құпиясы бар. Сол бойынша диагноз жеке дерек болып есептеледі және оны жариялауға болмайды. Ол соттың шешімімен немесе науқастың жазбаша келісімімен жасалады, - деп түсіндірді ол.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова елде шетелдік банк ашуға талаптар жеңілдетіліп жатқанын айтып, құжаттың негізгі мақсатын және қандай жеңілдік болатынын түсіндірген болатын.