Кеше 2026, 10:15 Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Енді Парламент Құрылтай болып өзгереді: Заң қабылданды

Құжатта Құрылтайдың өкілеттігі, депутаттардың мәртебесі және Үкіметпен өзара іс-қимыл тетіктері айқындалған.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы екінші оқылымда қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған бірлескен комиссия төрағасы Марат Башимов құжат жаңа Конституция нормаларын іске асыру мақсатында әзірленгенін айтты.

Оның сөзінше, заң жобасы Парламент депутаттары тобының бастамасымен дайындалған. Құжаттың негізгі мақсаты – Құрылтай қызметін құқықтық тұрғыдан реттеу және оның депутаттарының құқықтық мәртебесін айқындау.

Заң жобасы биылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция ережелерін орындау аясында әзірленді. Парламент регламентіне сәйкес құжатты екінші оқылымға дайындау үшін Мәжіліс пен Сенат депутаттарынан тұратын бірлескен комиссия құрылды. Комиссия заң жобасын авторлар ұсынған редакцияда қолдау туралы қорытындыға келді, – деді Марат Башимов.

Заң жобасына сәйкес, Халық кеңесі заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілер қатарына енгізіледі. Бұл құқық Құрылтайға тиісті шешім енгізу арқылы жүзеге асырылады.

Сонымен қатар мемлекеттік бюджетке әсер ететін депутаттық бастамалар бойынша Үкімет қорытындысын ұсыну мерзімі Конституциялық заң деңгейінде бекітіліп, үш ай болып белгіленбек.

Құжатта Құрылтай мен Үкімет арасындағы өзара іс-қимылдың бірнеше тетігі қарастырылған. Атап айтқанда, Үкімет мүшелерін тағайындау кезінде Құрылтаймен консультациялар өткізу, министрлердің өз қызметі бойынша есеп беру тәртібі, Премьер-министрдің Құрылтай отырысында Үкімет жұмысы туралы баяндама жасауы және Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру рәсімі енгізіледі.

Заң жобасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Құрылтайы бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан тұрады. Құрылтай төрағасы депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен сайланып, оның үш орынбасары болады.

Сондай-ақ Құрылтайға Вице-президентті, Премьер-министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға Президентке келісім беру өкілеттігі ұсынылған.

Бұдан бөлек, Құрылтай депутаттарына Президент ұсынған кандидатуралар негізінде Жоғарғы сот судьяларын сайлау құзыреті берілмек.

Құжатта Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларының қол сұғылмаушылығынан айыру тетіктері де жазылған. Сонымен қатар, бұған дейін Парламент Регламентінде қарастырылған депутаттық әдеп қағидалары Конституциялық заң деңгейінде бекітіледі.

Марат Башимовтың айтуынша, бірлескен комиссия заң жобасын толық қарап шығып, құқықтық олқылықтарды жоюға, нормалардың өзара сәйкестігін қамтамасыз етуге және жаңа Конституцияға бейімдеуге бағытталған бірқатар редакциялық және нақтылаушы түзетулер енгізген.