Енді пара ұсынғандар да, оны уәде еткендер де жазалануы мүмкін
Қазақстанда пара беруге уәде ету, пара беруді ұсыну үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжілісте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң жобаларын бірінші оқылымда таныстырды.
Бұл заң жобасының негізгі бастамаларының бірі. Қылмыстық кодекске пара ұсынуды, оны беруге уәде етуді криминализациялау бойынша түзетулер заң жобасына енгізілген. Бұл мәселе 16 жылдан бері күн тәртібінде тұр, - деді Сарқұлов.
Оның айтуына қарағанда, 2008 жылдың мамыр айында Қазақстан ратификациялаған БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында қылмыстық жазаланатын әрекеттер ретінде параны уәде етуді, ұсынуды, параны бопсалауды тану жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдау қажеттілігі туралы көрсетілген.
Пара ұсынуды және оны беруге уәде етуді криминализациялау бойынша ұсынымдар Экономикалық ынтымақтастық пен Даму ұйымы сарапшыларының есептерінде тұрақты негізде қамтылған. Мысалы, Экономикалық ынтымақтастық пен Даму ұйымының Ыстамбұл іс-қимыл жоспары 5-раунд мониторингінің ұсынымына сәйкес, Қазақстанға пара ұсынғаны және оны уәде еткені үшін қылмыстық жауаптылық белгілеу ұсынылды, - деп айтты Антикор басшысының орынбасары Мәжілісте.
Сарқұлов пара беруге пара ұсынуды, оны уәде етуді қылмыс деп тану бойынша түзетулерді пысықтау барысында алыс және жақын шет елдердің халықаралық тәжірибесі мұқият зерделенгенін атап өтті.
Сөзінше, бұл норма посткеңестік аймақтағы көптеген мемлекеттердің заңнамасында да көзделген.
Мұндай қылмыстар бойынша шетелдегі сот-тергеу практикасы минималды, жекелеген жағдайлар ғана анықталады, бірақ осы сияқты баптың болу фактісі тіпті пара туралы әңгіменің өзі қолайсыз болатындай тәртіпке келтіреді және тиісті мәдениетті қалыптастырады.
Пара туралы уағдаластықты аяқталған қылмыс деп тану айқын профилактикалық әсерге ие болады, бұл мемлекетке зиян келтіргенге дейін парақорлықтың жолын кесуге мүмкіндік беретініне сенімдімін, - деп айтты Ұлан Сарқұлов.