Енді осал отбасылардың мектеп формасын әкімдік емес, ата-ана сатып алады – Аймағамбетов

Бұл туралы Үкімет отырысында  Оқу-ағарту министрі Асхат аймағамбетов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мектепке баратын әлеуметтік тұрғыдан осал отбасы балаларының жалпы саны 475 мыңды құрайды. Оларға заңнамаға сәйкес жалпы білім беру қорынан киім, жазу құралдарын сатып алуға көмек көрсетіледі. Алайда Батыс Қазақстан және тағы бірнеше облыста балаларға материалдық көмек көрсетуге бөлінген қаражат көлемі бекітілген нормадан төмен болып отыр. Біз биыл осы бағыт бойынша екі жаңа өзгерісті енгіздік, - деді Аймағамбетов. 

Министр атағандай, биыл материалдық көмек ата-ананың есепшотына түседі. 

Енді ата-аналар мектеп формасы мен кеңсе тауарларын өздері сатып алады. Бұрын сатып алуды әкімдік жүргізетін. Ол өз кезегінде киімнің өлшемі мен сапасына қатысты көп наразылық болатын. Егер бұрын бір балаға бөлінетін қаржы әр өңірде әрқалай, 17 мыңнан 40 мыңға дейін болса, енді биыл оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 37 389 теңгеден аз болмауы керек, - деді ол. 

Министр 6 өңірде балаларға мектеп формасын және кеңсе тауарларын алуға жеткіліксіз қаражат бөліп отырғанын айтты.

Осыған орай, әкімдіктерге қажетті қаражатты бөле отырып, мектеп формасы мен кеңсе тауарларының қолжетімді болуы үшін кешенді жұмысты жүргізуді сұраймыз, - деді Аймағамбетов. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы