Енді олимпиаданы жеңген оқушылар 4,5 млн теңгеге дейін сыйақы алады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде халықаралық олимпиада жеңімпаздарына 4,5 млн теңгеге дейін сыйақы беріледі.
Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифинг кезінде Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрайымы Гүлмира Кәрімова айтты.
Мектептегі білім берудің сапасы мен тиімділігін сипаттайтын негізгі параметрлердің бірі – ол оқушыларды халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайысына қатысу. Мысалы, былтыр еліміз үшін жақсы жыл болды. 26 оқушымыз халықаралық деңгейде олимпиада жеңімпаздары атанды, - деп айтты ол.
Сонымен бірге былтыр 1 қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дарынды балаларды және олардың педагогтерін қолдау жөнінде бірқатар тапсырма берілді.
БҒМ қазіргі уақытта нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу арқасында критерийлермен тізім әзірленіп жатыр. Бұл жерге тізімге енгізілген олимпиадалар болады. Олимпиадалардың, спорттық сайыстардың жүлдегерлері болашақта ЖОО-ларға конкурссыз түсуге мүмкіндіктері болады. Айта кетсек, соңғы 3 жылда оқушыларымыз жеңімпаз атанған жағдайда осы балалар ынталандыру шараларына қатыса алады, - деп толықтырды Гүлмира Кәрімова.
Оның айтуынша, олимпиадада белгілі бір пән бойынша жеңімпаз атанған оқушының болашақта түсетін мамандығына сәйкес келуі керек.
Сонымен қатар ынталандыру бағыты бойынша оқушылар мен олардың мұғалімдеріне біржолғы сыйақы беріледі. Мысалы, алтын, күміс және қола медальдарға ие болған оқушылар 1 500 АЕК, 1 000 АЕК және 500 АЕК көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болады. Ал олардың педагогтері оқушысы алтын алса, 150 АЕК, күміс алса, 100 АЕК және қола алса, 50 АЕК көлеміндегі сыйлыққа ие болады, - деп толықтырды Гүлмира Кәрімова.
Айтуынша, қазіргі таңда осы жұмыс аясында тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіп жатыр. Және ол Сенатта қаралып жатыр. Каримова норма енгізілген соң, ол іске асырылатынын айтты.
Еске сала кетейік, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіштің мөлшері - 3 063 теңге.