Нотариустарға туыстарының ісін жүргізуге тыйым салынбақ
Мәжілісте нотариустардың микроқаржы ұйымдары және жеке сот орындаушыларымен байланысына тосқауыл қою ұсынылды
Мәжілісте қаралып жатқан нотариаттық қызмет мәселелері жөніндегі заң жобасында нотариустардың мүдделер қақтығысына жол бермеуге бағытталған жаңа шектеулер ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Мәжілісте баяндама жасаған депутат Нұрсұлтан Байтілесов мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, заң жобасы нотариустардың жеке сот орындаушыларымен, микроқаржы ұйымдарымен және өзге де мүдделі тұлғалармен байланыстылығын болдырмауға бағытталған.
Заң жобасымен нотариустардың жеке сот орындаушыларымен, микроқаржы ұйымдарымен және өзге де қатысы бар тұлғалармен байланыстылық фактілерін болдырмау үшін қосымша шектеулер енгізу ұсынылады, – деді депутат.
Атап айтқанда, құжатта жақын туыстық немесе өзге де тәуелділік болған жағдайда нотариаттық әрекеттер жасауға тыйым салу көзделген.
Депутаттың сөзінше, бұл өзгерістер нотариат саласындағы ашықтықты арттырып, ықтимал сөз байласу мен заңсыз әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда тағы рақымшылық жасалатыны хабарланды.