"Енді не сатам деп ойладым": Жаман ауруға шалдығып, пәтерін сатқан науқас жағдайын айтты

Ұлттық ғылыми онкология орталығында Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің "Онкология қызметінің проблемалары мен даму перспективалары" отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оған бауырдың қатерлі ісігіне шалдыққан Астана тұрғыны Нұржан Сабыржан да қатысты. 55 жастағы азамат 2023 жылдың ақпан айында чекаптан өткенін айтты. Бірақ ол кезде дәрігерлер ісікті байқамаған. Ал 4 айдан соң оған бауырдың қатерлі ісігінің IV кезеңі деген диагноз қойылған.

Маған диагноз қойған кезде біздің хаттама бойынша дәрігерлер нексовар деген дәріні қолданамыз деді. Өйткені IV кезеңге өтіп кеткендіктен, ота жасауға келмеді. Мен ол дәрі туралы ақпарат іздей бастадым. Сосын Ресейден сол дәріні әкесіне берген бір кісіні тауып, сөйлестім. Ол әкесі дәріні қабылдаған соң 3 аптадан кейін қайтыс болғанын айтты. Ол дәріні қабылдамаймын деп шештім, - деді ол.

Содан кейін Нұржан Сабыржан туған-туыстарының көмегімен Израильге барған.

Ол жақтағы дәрігерлер Израиль хаттамасы бойынша атезолизумаб, бевацизумаб деген екі препаратты ұсынды. 1 дәрінің құны – 1 миллион 400 мың теңге, екіншісі – 400 мың теңге. Бұл – бір курс. Алғашқы курсты сол жақтан, қалған 10 курсты осы жақтан алдым. Былтырғы маусым айынан бастап 8 ай бойы препараттарды өзім сатып алып отырдым. Қолымызда бар пәтерімізді сатып, дәріні соның ақшасына алдық, - деді ол.

Нұржан Сабыржан бұл емді 21 күн сайын жылдың аяғына дейін қабылдауы керек екен.

Манас 17-дегі дәрігерлер Израильдегі хаттаманы қалдырды. Бірақ "бұл дәрілер Қазақстанның реестірінде жоқ. Сондықтан оны өзіңіз сатып аласыз" деп ескертті. "Қолымыздан келгенше көмектесеміз" деді. 5 айдан кейін маған "дәріңіз келді, қалған еміңізді тегін алуға болады" деген хабар келді. Ол дәрі Үкіметтен келмегенде не сатып, не қоямын деп ойлап отырғанмын, - деп бөлісті ол.

Айта кетейік, бүгінде Нұржан Сабыржан емнің 16 курсын қабылдады. Соңғы 5 курс "Қазақстан халқына" қоры есебінен науқасқа тегін берілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы