Енді мемқызметке үміткерлер облыс орталықтарына барып тест тапсырмайды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Берік Беркімбаев айтты.
Президент Жарлығы бірқатар мақсатты жүктеп отыр. Ол ең алдымен “е- қызмет” ақпараттық жүйесінің базасында мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау процесін толықтай цифрландыру сондай-ақ оны барлық мемлекеттік органдарға енгізуді кеңінен қамтамасыз ету, - деді ол орталық коммуникациялар орталығында өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.
Ол бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке кірудің екі кезеңіне тоқталды.
Оның біріншісі – тестілеу арқылы болса, екіншісі – әңгімелесу кезеңі. Былтырдың өзінде мемлекеттік қызметке келу үшін тестілеуге қатысқан 110 мың үміткердің 50 пайызы ғана сәтті тапсырған. Өз кезегімізде, бәрімізге мәлім тестілеу орталықтары көп жағдайда облыс орталықтарында орналасқан. Мәселен, Алматы облысындағы Нарынқол мен Алматының арасы 300 шақырым, Нарынқол мен Талдықорғанның арасы 500-дей шақырым бұл алыстық үміткерлеріміздің уақытын алады және қаражатын жұмсап сол өңірлерге тест тапсырады, - деді Берік Беркімбаев.
Ол екінші кезең әңгімелесудің де үміткерлер үшін қиынға соғатынын айтты.
Сол себепті “е- қызмет” ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік қызметке іріктеу процесінің барлық кезеңдерін автоматтандыру, қашықтықтан қатысу жоғарыда аталған мәселені шешеді. Бұл жұмыс келесі жылдың соңына дейін аяқталады деп отырмыз, - деді спикер.