Енді мемлекет азаматтарға жалға алған пәтер ақысының жартысын төлеп береді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.
Оның сөзінше, жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін төлемдерді тағайындау қағидалары әзірленді. Оның операторы болып Отбасы Банкі белгіленді.
Банк кезекте тұрған адамдарды тұрғын үйге мұқтаждығы өлшемшарты бойынша ақпараттық жүйе арқылы тексереді. Атаулы көмек қағидаты азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген. Яғни 50%-ы мемлекеттік субсидиялар есебінен жабылады, ал қалған 50%-ын жалға алушы өз бетінше төлейді, - деп айтты Қайырбек Өскенбаев.
Министр 70 мың азаматқа қолдау көрсету үшін 50 млрд теңге қажет екенін айтты.
Сондай-ақ көрсетілген қаражат жыл сайын кезекте тұрған адамдар санына байланысты өзгеруі де мүмкін.
Өтініш берушіге қойылатын негізгі талаптар:
1) Қазақстан Республикасының азаматтығы;
2) отбасының жиынтық табысының соңғы 6 айда отбасының әрбір мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан аспауы;
3) тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдікте кезекке қойылғанын растау;
4) тұрғын үй иесі мен өтініш беруші арасында жасалған шарттың болуы.
Төлемдерді тағайындау үшін өтініш беруші банкке ЭЦҚ арқылы:
1) төлемдер тағайындауға өтініш;
2) баспананы жалдау шартын қоса береді.
Қалған құқық белгілейтін құжаттар тиісті ақпараттық жүйелерден алынатын болады.
Отбасы банк ұсынылған құжаттардың сәйкестігін қарайды және тексереді және растаған жағдайда 10 жұмыс күні ішінде жалдау төлемдерін аударады, - деп түсіндірді министр Үкіметте.
Сонымен қатар республикалық бюджетке жүктемені төмендету мақсатында жергілікті бюджеттерден 10% мөлшерінде бірлесіп қаржыландыру қажет.
Яғни жыл сайын республикалық бюджеттен шығындар – 40 млрд теңгені және жергілікті бюджеттер үшін – 10 млрд теңгені құрайды. Төлем тетігін іске асыру үшін қадамдық іс-қимыл жоспары жасалды. Біріншіден, өлшемшарттар мен талаптар, сондай-ақ жалдау мөлшерлемесінің шекті құны көрсетілген қағидалар әзірленді. Екіншіден, республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау қажет, - дейді Қайырбек Өскенбаев.
ИИДМ басшысының сөзінше, Отбасы банк өз жүйесінің мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялауды аяқтауы тиіс. Тұрғын үй төлемдері бағдарламасын толық іске қосу мамыр айына жоспарланған.