Енді мектептерде төрт рет тамақтану ережесі енгізіледі
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарындағы тамақтану нормаларын қамтитын жаңартылған бұйрықты бекітті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мектептер мен балабақшалардағы тамақтандыру ережесі өзгерді. Енді білім беру ұйымдарындағы стандарттар мәзірді, тамақтану тәртібі мен түрлерін (өздігінен әзірлеу, аутсорсинг немесе кейтеринг) қамтиды, бірақ балабақшаларда кейтерингке тыйым салынған.
Тамақтанудың екі үлгісі енгізілді: стандартты мәзір немесе таңдау мүмкіндігі бар мультипрофильді (швед үстелі, ланч-пакеттер). Балалардың болу уақытына байланысты тамақтану саны бір реттен алты ретке дейін өзгеруі мүмкін. Медициналық қызметкерлер тағамдардың сапасын, диеталардың сақталуын және санитарлық нормалардың орындалуын бақылайды.
Өнімдердің сапасы мен сақтау шарттарына ерекше көңіл бөлінеді. ГМА өнімдері, жарамдылық мерзімі өткен, таңбаланбаған немесе сақтау шарттары бұзылған өнімдерді пайдалануға тыйым салынған. Ас мәзірінің 75 пайызы өсімдік негізіндегі өнімдерден тұруы тиіс, тұз бен қант мөлшері шектелген, йодталған тұзды қолдану міндетті. Ет тағамдары үшін жылқы еті, сиыр еті, терісіз тауық және күркетауық еті ғана рұқсат етіледі. Сусындар ретінде газдалмаған су, сүт өнімдері, компот және жеміс шайлары ұсынылады.