Енді Мәжілісте билік партиясынан өзгеше саясат жүргізуге міндетті партия болады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында Парламенттік оппозиция туралы заң жобасы бірауыздан мақұлданды.
Жалпы отырыста екі заң жобасы қаралды. Біреуі "ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы", екіншісі ҚР Парламентiнiң комитеттерi мен комиссиялары туралы".Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, заң жобалары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында парламенттік оппозиция институтын заңнамалық бекіту туралы тапсырмасын орындау мақсатында дайындалған.
Елімізде демократиялық үрдістерді әрі қарай дамыту мақсатында қолданыстағы заңнамаға "парламенттік көпшілік" және "парламенттік оппозиция" енгізіліп отыр. Заңмен мәжіліске сайланатын парламенттік оппозицияның өкілеттіліктері және олардың жұмысын қамтамасыз ету тетіктері нақты айқындалды, - деді Мәулен Әшімбаев.Ал Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың айтуынша, Венеция Комиссиясы баяндамасының 11-тармағында "Парламенттік оппозиция деген – парламентке енген, бірақ үкіметтің мүшелері жоқ саяси партиялардан тұрады" деген анықтама берілген.
Алайда біз оны Қазақстанның тіршілігіне жеткілікті емес деп таптық. Сол үшін, парламенттегі оппозицияны билікке шынымен сыншыл болып, балама көзқарас ұсынып, қоғам талқылайтын, қоғамды аландататын мәселелерді көтеруге міндетті болуы керек деген талабымен толықтыруды жөн көрдік. Сондықтан, заң жобасында "парламент оппозициясының" анықтамасында, бұл партиялар, әдетте, билік партиясынан бөлек, өзгеше саясат жүргізуге міндетті деген тезис енгізілген. Яғни, біз "оппозициямын" деушілерді парламентте үнсіз жүрмей, белсенді жұмыс жүргізуге, қоғам үшін шын атсалысып, маңызды проблемаларды көтеруге, биліктің саясатына жаңа көзқарасы болып, бөлек ұсыныстарды беруге арнайы итермелеп отырмыз. Осындай партияларға,"парламенттік оппозиция" атағымен шектелмей, біз сол ұғымын мәртебесі мен құқықтық кепілдіктерімен толықтыруды ұсынып отырмыз, - деді Перуашев.
Оның айтуынша, оппозиция үшін бірқатар құқықтық артықшылық қарастырылған:
-бір сессия ішінде кемінде бір рет мемлекет пен қоғамның тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер бойынша парламенттік тыңдау өткізуге бастамашылық жасау;
-парламенттік сессияда кемінде екі рет үкімет сағаттарының күн тәртібін белгілеу;
-оппозиция мақұлдамайтын үкіметтік заң жобаларына альтернативті заң жобаларын енгізу.
Заң жобасырда тұрақты комитеттердің бірінің төрағасы парламенттік оппозиция депутаттарының арасынан сайланатыны туралы ереже ескерілген. Бұл түзетулерге сәйкес, парламенттік оппозиция Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің хатшылары лауазымына кандидатура ұсынуға да құқылы болады. Мәжілістің екі тұрақты комитетінің хатшыларын да парламенттік оппозиция ішінен сайлау ұсынылып отыр.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Теміртауда жолаушылар автобусы жарға құлап кетті
Өзгелердің жаңалығы