Енді колледждер өз базасында шығарған тауарлардан табыс таба алады
Қазақстандық колледждер базасында студенттердің кәсіпкерлік, бизнес-жоспарлау және стартап жобаларды дамыту бойынша білім алуына жағдай жасау мақсатында шағын кәсіпорындар құрылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Енді колледждер өз базасында шығарған тауарлар мен қызметтерден табыс таба алады.
Студенттер жиһаз жасау, тігін тігу, кондитерлік және нан-тоқаш өнімдерін пісіру секілді кәсіптерді игере отырып, оны кіріс көзіне айналдыру дағдыларын да меңгереді.
Бұл кәсіпорындар студенттерге түрлі кәсіби дағдыларды игеруге, оның ішінде коммуникация құруға, жобаларды басқаруға, маркетинг және қаржы бойынша білім алуға мүмкіндік береді және олардың алған білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді. Шағын кәсіпорындар есебінен түскен қаражат оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады, бұл олардың дамуына және білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді, — деп атап өтті Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Асет Мұханбетов.
Қазір ТжКБ ұйымдары базасында 26 шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 14 жаңа кәсіпорын ашу жоспарлануда.