Енді инватакси қызметін кез келген уақытта қолдануға болады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инватакси қызметін көрсету кезінде такси агрегаторларын пайдалану жөніндегі пилоттық жобаға бастамашылық жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгінде мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметін көрсету бойынша көптеген сұрақ туындауда. Мысалы, азаматтарға қызмет алудан бір күн бұрын телефон арқылы жазылу қажет, бұл өз сапарларын алдын ала жоспарлауға, инватаксиді күтуге мәжбүр етеді, инватакси қызметтерін ұсыну үшін көлік құралдарының жетіспеушілігі және т. б. мәселелер бар.
Осы мәселелерді шешу және қызмет көрсету сапасын арттыру үшін Еңбекмині әкімдіктермен бірлесіп инватакси қызметтерін ұсыну тетігін өзгерту туралы шешім қабылдады. Елордада осы қызметті көрсетуге қатысуға тиісті сұраныс алған такси агрегаторларын тарту бойынша пилоттық жоба басталып, оған Яндекс компаниясы қатысуға ниет білдірді.
Инватакси қызметін азаматтар пилоттық жоба шеңберінде Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы қолдана алады. Жобаның ерекшелігі қызметті алушы үшін көлікті тезірек таңдау, онлайн режимінде тапсырыс мәртебесін қадағалау және сапарларды бақылаудың қарапайым жүйесі болады. Бұл қосымшада мүгедектігі бар адамдар жүргізушіге сапардағы ерекше қажеттіліктері туралы ескертуі үшін арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылды. Өз кезегінде жүргізушілер адамды көлікке отырғызу және одан шығуда қалай көмек көрсетуге болатын сияқты арнайы нұсқаулар алады.
Қызмет алушылардың бірі Гүлмира Шаймағанбетова жаңа форматта көрсетілген қызметтен алған әсерімен бөлісті.
Қазірдің өзінде екі тапсырыс жасадым. Бұл өте ыңғайлы екен. Ең алдымен, қызмет кез-келген уақытта, соның ішінде сенбі-жексенбі күндері де қол жетімді. Кәдімгі инватакси қызметі тек жұмыс күндері және сағат 16:00-ге дейін ғана жұмыс істейді, сонымен қатар тапсырысты бір күн бұрын және нақты мекенжайға беру керек. Баратын жеріміз соңғы уақытта өзгеріп жататын сәттер де болады. Енді көлік әдеттегі такси сияқты уақытылы келеді. Маған өте ұнады. Әрі қарай қалай дамитынын көреміз, – деді Гүлмира Шаймағанбетова.
Бірінші кезеңде пилоттық жобаға Астана және Алматы қалалары қатысатын болады, ал оң нәтиже болған жағдайда бұл қызметті ел аумағында іске асыру жоспарлануда.