Енді иесі бар ит біреуді қауып алса, қылмыстық жаза қолданылуы мүмкін

Елімізде үй жануарларын серуендету тәртібін бұзған 6 мыңнан астам адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің қару айналымын бақылау және табиғатты қорғау полициясы басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Жармағамбетов айтты.

Біздің басты мақсат – адам қауіпсіздігін қамту. Бұралқы иттер мәселесіне келсек, оған жауапты құзырлы және жергілікті атқарушы органдар бар, дегенмен заң аясында ішкі істер органдары бірлесіп жұмыс істейміз. Оның ішінде үй жануарларына жауапкершілікпен қарау және оларды серуендету тәртібі бағытында. Үй жануарларын серуендету тәртібін бұзған 6 мыңнан астам адам жауапқа тартылды. Осы орайда құзырлы органдардың назарына егер иесі серуендеу тәртібін қайта бұзған жағдайда үй жануарын мүлік секілді алып қою мәселесін ұсынғымыз келеді. Мысалы, иесі қоғамдық орында үй жануарын тұмылдырықсыз серуендетіп жүреді, бұл қоғамдық орында адамдарға қауіп төндіруі мүмкін, - деді Әлішер Жармағамбетов Мәжілісте.

Осылайша ІІМ өкілі үй жануарын серуендету тәртібін қайта-қайта бұзатын азаматтардан оны конфискациялауды ұсынып отыр. Одан әрі жануардың тағдырын құзырлы орган шешу керек.

Жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселесіне қатысты, бізге қылмыстық жауапкершілік қарастыру жағы ұсынылды. Атап айтқанда, иесі бар ит біреуді қауып, денесіне залал келтірген жағдайда иесін қылмыстық жауапқа тарту. Біз алдымен адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіспіз, - дейді ол.

Бүгін Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зауре Ахметова биыл 32 мыңнан астам адамды ит қауып алғанын айтты. Ал Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев қаңғыбас иттерді күтіп ұстауға бөлінетін ақша мен оқушыларға бөлінетін ақшаны салыстырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы