Енді халықтың табысы артып, лайықты жалақы алады
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов халықтың табысы қалай көбейтілетінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Азаматтарымыздың табыс деңгейінің артуы экономиканың өсу қарқынына сәйкес келмей отыр. Еңбекақының жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 30 пайыздан асты. Бұл Орталық Азия елдері арасындағы жоғары көрсеткіш болғанымен, біздің мақсатымыз - әлемдік орташа деңгейге, яғни 40 пайызға жету, - деді Үкімет басшысы.
Оның сөзінше, қазіргі таңда жалақының өсу қарқыны бизнес табысының, оның ішінде кәсіпорындардың өз күшімен және мемлекеттік қолдау есебінен алынған табыс динамикасынан артта қалып отыр.
Осыған байланысты Үкімет халықтың табысын арттыруға бағытталған кешенді шаралар әзірлеуде. Оның аясында қаржылық, салықтық және өзге де ынталандыру тетіктері көзделген. Бұл шаралар еңбекақыны көтеруге, лайықты жалақы төлейтін жұмыс орындарын құруға, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамытуға, сондай-ақ азаматтар үшін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған, - деп айтты Бектенов.