Бүгiн 2026, 11:56 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Енді халықтың табысы артады: Үкімет жоспарын жариялады

Үкімет биыл инфляцияны 10 пайыздан төмендетуді жоспарлап отыр.

Премьер-министр Олжас Бектенов Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Үкіметтің инфляцияны төмендету және халықтың нақты табысын арттыру бағытында қабылдап жатқан шаралары туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет басшысы экономикалық өсімнің басты мақсат емес, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың құралы екенін атап өтті.

Экономикалық өсімді біз өз алдына мақсат ретінде қарастырмаймыз. Бұл – қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға жетелейтін маңызды құрал. Пандемиядан кейінгі кезеңнен бері Қазақстан экономикасы жыл сайын шамамен 5 пайыздық қарқынмен өсіп келеді. Біз бұл көрсеткішті жақсы нәтиже деп есептейміз және экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету арқылы басқа да негізгі көрсеткіштердің жақсаруына қол жеткізуіміз керек, – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-министр өткен жылы экономикалық өсіммен қатар инфляциялық қысымның күшейгенін айтты.

Оның сөзінше, 2025 жылдың қыркүйегінде инфляция 12,9 пайызға дейін жеткен. Алайда Үкіметтің, Ұлттық банктің және өзге де мемлекеттік органдардың бірлескен шараларының нәтижесінде биылғы бес айдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 10,4 пайызға дейін төмендеген.

Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде жақын арада инфляцияны 10 пайыздан төмен деңгейге түсіруді жоспарлап отырмыз, – деді Үкімет басшысы.

Ол өткен жылғы инфляциялық үдерістер халықтың нақты табысына әсер еткенін де жасырмады. Дегенмен жекелеген салаларда оң өсім сақталғанын атап өтті.

Мәселен, ауыл шаруашылығында еңбеккерлердің нақты табысы 9,3 пайызға артқан. Сауда, байланыс, сумен жабдықтау және энергетика салаларында орташа өсім 4 пайызды құраса, көлік саласында табыс бағытына қарай 5-10 пайыз аралығында өскен.

Премьер-министрдің айтуынша, биыл Үкімет халықтың нақты табысын экономиканың барлық секторында арттыру үшін кешенді шараларды іске асырады.

Осы мақсатта Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлескен инфляцияны төмендету жөніндегі іс-қимыл жоспарын қабылдаған. Бұдан бөлек, халықтың табысын арттыруға арналған жеке жоспар да бекітілген.

Жоспарда нақты табыстың өсуіне ықпал ететін барлық шара қамтылған. Оның ішінде бүгінде импортталатын тауарларды ел ішінде өндіру арқылы импорттық инфляцияны төмендету, сондай-ақ мемлекеттік қолдау алатын кәсіпорындардың қызметкерлерінің жалақысын көтеру жөніндегі қарсы міндеттемелерді енгізу секілді кешенді шаралар бар. Біз осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз, – деді Олжас Бектенов.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда орташа айлық жалақы 442 мың теңгеге жеткені хабарланды