Енді елорданың мәдени орындарын 2GIS арқылы таба аласыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2GIS.Нұр-Сұлтан халықаралық компаниясының қосымшасында елорданың мәдени ескерткіштері жарияланды, деп хабарлады ruh.kz.   

"Қазақстанның сакралды географиясы" жобасының жүзеге асырылуы аясында жалпы республика бойынша 700-ге жуық сакралды нысан анықталып, жұмыс жасалуда. Нұр-Сұлтан қаласында С.Сейфуллин атындағы музей, XIX ғасырда салынған гимназия, Василий Кубриннің үйі, мұсылман мектебінің ғимараты, "Бәйтерек", "Мәңгілік ел" монументі сияқты нысандар ерекше қызығушылық тудыруда. 

Осыған байланысты "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институты мен 2ГИС.Нұр-Сұлтан халықаралық компаниясының арасында "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Енді Нұр-Сұлтан қаласының сакралды нысандарын 2ГИС-тен табуға болады. Елорданың 18 сакралды нысаны картаға енгізіліп, ол жерде табиғи, тарихи және өзге де маңызды нысандар жөнінде ақпарат жарияланып отыр.  "Қызықты жерлер" атты бөлімді таңдап, ол жерден нысандар туралы ақпаратпен қатар, фотосуреттерді, пайдаланушылардың пікірлерін де көруге болады, - делінген хабарламада.
Меморандумға қол қою барысында "Рухани жаңғыру" КЕАҚ басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев сакралды нысандардың ірі картографиялық компаниялардың қосымшасына енгізілуі халық арасында бұл нысандарға деген қызығушылықты арттыратындығын, еліміздің туристік потенциалының артатындығын атап өтті.

2ГИС.Нұр-Сұлтан компаниясының басшысы Андрей Судаковтың айтуынша, егер пайдаланушылар кейбір жаңа сакралды нысанның картада жоқ екендігін анықтап, қолдау қызметіне хабарласса, бұл нысандар тез арада картаға енгізіледі. Бұл біздің еліміздің мәдени мұрасына қосқан үлесіміз болмақ.

Сонымен қатар, "Рухани жаңғыру" АҚ жуық арада мұндай меморандумдарға Алматы мен Шымкент қаласында да қол қоймақ.



 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы