Енді "Декретке миллионмен" шыққандарға қылмыстық іс қозғалуы мүмкін
2024 жылы 1,4 млн азаматқа 958 млрд теңге төленді. Алайда кейбір азаматтар заңнамалық олқылықтарды пайдаланып, әлеуметтік төлемдерді жасанды түрде арттыруға тырысқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова министрліктің кеңейтілген алқа отырысында айтты.
Оның айтуынша, жүктілік және босануға қатысты төлемдерге шектеу қойылмағандықтан, кей азаматтар табысын жасанды түрде көбейтіп, жоғары мөлшерде төлем алу үшін түрлі заңсыз схемаларға жүгінген.
Бұл жүйеге адал қатысушылардың әлеуметтік аударымдарын қайта бөлуде әділетсіздікке әкеп соғады, – деді министр.
113 әйелге қылмыстық іс қозғалды
Министрдің айтуынша, 113 келіншектің заңсыз жолмен алған төлем сомасы 158,4 млн теңгені құраған. Бұған қоса, 2024 жылдың қыркүйегінен бері 1,5 мыңға жуық азамат өз еркімен табысын жасанды түрде көбейткенін мойындап, мемлекетке 3,4 млрд теңгені қайтарған.
Министрлік бұл мәселені шешу үшін заңнамалық бастамалар топтамасын әзірлегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа реформалар алдағы 10 жылда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.