Енді бір ай ішінде алимент өндіре алмаса, сот орындаушы лицензиясынан айырылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Енді бір ай ішінде алимент өндіре алмаса, сот орындаушы лицензиясынан айырылады. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Әділет министрі Қанат Мусин айтты.
Сот актілерін орындау - ең проблемалық жұмыс. Сот орындаушылардың әрекеттеріне шағымдардың саны төмендемей, бұзушылықтардың саны да өсіп жатыр. Бұл әкімшілік әділет жүйесін енгізуді айқын көрсетті. Талап-арыздардың жартысы сот орындаушылардың әрекеттерін даулау туралы. Көп жағдайда соттар оны негізделген деп таниды, - деп айтты министр.
Мусиннің сөзінше, бұл жағдайдың объективті және субъективті себептері бар.
Сот орындаушылардың көпшілігі адал және еңбекқор қызметкерлер. Өз денсаулықтарын аямайтын, кейде, өкінішке қарай, өмірлерін де. Біз оларды қолдауды жалғастырамыз, - дейді Әділет министрі.
Сонымен қатар министрлік борышкерлердің де, өндіріп алушылардың да құқықтарын қорғау үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
«Атқарушылық іс жүргізу туралы» заңға маңызды өзгерістер 2020 жылы енгізілді. Олар борышкер мен өндіріп алушылардың құқықтарын қорғауға, жеке сот орындаушыларының жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Енді бір ай ішінде алимент өндіру және басқа да әлеуметтік істер бойынша белсенді жұмыс болмаған жағдайда сот орындаушы лицензиясынан айырылады. 2021 жылы осындай негіздер бойынша 19 жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылды, - деп түсіндірді ол.
Қанат Мусиннің айтуынша, жеке сот орындаушы мүлікті сатқаннан кейін басқа сот орындаушыларының да шектеулерін шешуге міндетті болды.
Енді сот орындаушысы борышкердің елден шығуын шектеуге міндетті. Бұрын ол мұны өз қалауы бойынша жасай алатын. Жұмыс істейтін мүмкіндігі шектеулі борышкерден өндіріп алу тек оның жалақысынан ғана жүзеге асырылады. 2020 жылғы желтоқсанда Жоғарғы Соттың «Сот актілерін орындамағаны үшін жауаптылық туралы» нормативтік қаулысына түзетулер енгізілді. Бұл өзгерістер қасақана төлемеушілерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды айтарлықтай жеңілдетті, - деп толықтырды ведомство басшысы.
Оның дерегінше, былтыр алимент төлемегені үшін 316 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал 2019 жылы 62 борышкер. 2021 жылы 6 мыңнан астам борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.