Бүгiн 2026, 09:43 Фото: utmagazine.ru

Енді барлық экологиялық ақпарат бір базаға жиналады

Мәжілісте экологиялық есептілікті жасыру мен мәлімет бұрмалаудың алдын алуға бағытталған жаңа өзгерістер таныстырылды.

Мәжілісте қаралып жатқан экологиялық мәселелер жөніндегі заң жобасы аясында қоршаған орта мен табиғи ресурстар туралы деректерді толық цифрландыру ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы депутат Еділ Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі Экологиялық кодексте Қоршаған ортаның жай-күйі және табиғи ресурстар жөніндегі ұлттық деректер банкі қарастырылғанымен, ондағы ақпарат жүйесіз әрі шашыраңқы күйде болған.

Көптеген процес бірін-бірі қайталап келді. Сондықтан депутаттар аталған жүйенің функционалын жаңғыртуды ұсынып отыр, – деді депутат.

Заң жобасына сәйкес, енді деректерді шоғырландыратын бірыңғай цифрлық жүйе қалыптастырылады.

Еділ Жаңбыршиннің сөзінше, Ұлттық деректер банкі бұдан былай жай ғана интеграциялық алаң болмайды. Оның құрамына негізгі кадастрлар мен тізілімдер енгізіледі.

Бұрын кәсіпорындар мен операторлар есепті түрлі ішкі жүйелерге бөлек ұсынса, енді барлық ақпарат бірыңғай Ұлттық деректер банкі арқылы тапсырылатын болады.

Депутаттың айтуынша, бұл бюрократиялық рәсімдерді қысқартуға, цифрландыру тиімділігін арттыруға, ақпараттың ашықтығын күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жүйеге эмиссияларды автоматты мониторингтеу жүйелерінің деректері мен өндірістік экологиялық бақылау есептері міндетті түрде енгізіледі.

Ұлттық деректер банкін жүргізу құзыреті уәкілетті органға қарасты ведомстволық ұйымға беріледі.

Осылайша, мониторингтің нақты деректері бірыңғай жүйеде шоғырланады. Бұл экологиялық есептілікті жасыруға, мәліметтерді бұрмалауға және ведомствоаралық алшақтықтарды пайдалануға жол бермейді, – деді Еділ Жаңбыршин.