Енді азаматтар зейнетақы жинақтарының 50%-ын активтерді басқаратын компанияға бере алады
Әлеуметтік кодекс жобасына өз активтерін басқару бойынша салымшылар құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Мәжілісте өткен жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Кодекс жобасына өз активтерін басқару бойынша салымшылар құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Енді белгіленген жеткілікті шегінен жоғары зейнетақы жинақтарына азаматтар тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсайды. Сондай-ақ салымшылар бар зейнетақы жинақтарын 50%-дан аспайтын бөлігін активтерді басқару жөніндегі компанияға беруге және мұндай компанияны өздері таңдауға құқылы болады, - деп айтты Тамара Дүйсенова.
Еңбекминінің басшысы атап өткендей, зейнетақы жинағының бір бөлігін басқа компанияға басқаруға бергенде сақ болу керек.
Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік тек Ұлттық банк басқаратын жинақ бөлігіне ғана беріледі. Жеке басқаруға берілген зейнетақы жинақтарының сақталуына және оның табыстылығына салымшы таңдап алған компания жауап береді. Сол себепті әрбір салымшы басқару жөніндегі жеке компанияны таңдаған кезде ықтимал тәуекелдерді ескеруге тиіс, - деп түсіндірді Дүйсенова.