Енді аутизммен ауыратын балалардың спортпен тегін айналысуға мүмкіндігі бар
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы уақытта біз Адаптивті дене шынықтыру туралы жиі естиміз, алайда барлық қазақстандық бұл құбылыстың мәнін және оның мүгедек адамдарды дамыту мен әлеуметтендірудегі рөлін түсіне бермейді.
Адаптивті дене шынықтыру – бұл ерекше қажеттіліктері бар адамдарды оңалтуға бағытталған спорттық жаттығулар кешені. Бұл қалыпты әлеуметтік ортаға бейімделуге ықпал етеді, толық өмірге кедергі келтіретін физикалық қана емес, психологиялық кедергілерді де жеңу қабілетін қалыптастырады.
Бұдан бөлек Адаптивті дене шынықтыру қарым-қатынас функцияларын және ұжымда өзара әрекеттесу қабілетін дамытады, дербестік пен сананың дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ әлеуметтік өзара әрекеттесуді, жалпы әлеуметтенуді дамытады.
Әлемдегі әрбір 59-бала аутизммен ауыратыны белгілі. Қазақстанда, өкінішке қарай, нақты статистика жоқ. Бұл ведомствоаралық өзара іс-қимылдың болмауына байланысты, бірақ үкіметтік емес ұйымдардың бағалауы бойынша бұл сан кемінде 60 мың баланы құрайды.
Камилла Ситасманова – Талдықорған қаласындағы «Другая жизнь» қоғамдық қорының жетекшісі. Жақында ол командасымен облыс орталығында бейімделген спортпен айналысуға арналған зал ашты. Бұл зал Талдықорған үшін жаңа және сұранысқа ие мекеме.
Біздің қаламызда психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның (ПМПК) ресми деректері бойынша, «аутизм» диагнозы бар 120 бала бар. Бұл тек хабарласқандары, ал іс жүзінде мұндай диагнозы бар балалар бірнеше есе көп. Бүгінгі таңда ерекше балалардың ата-аналары балаларын қоғамда көргісі келеді, олардың әлеуметтенгенін қалайды. Олардың жетістіктерін, соның ішінде спортпен айналысқандарын көруді армандайды. Өйткені балалар топтарда спортпен шұғылдана отырып, белсенді, көпшіл болады, тұйықталуын тоқтатады, - дейді қоғамдық қордың жетекшісі.
2019 жылы мүгедек балаларды оңалтуға бағытталған Камилла Ситасманованың жобасы «Әрекет» әлеуметтік кәсіпкерлік жобасының грантын алды.
Біздің жоба Адаптивті дене шынықтырумен айналысу арқылы аутистік спектрі бұзылған балаларды оңалтуға бағытталған. Біз жобаны іске қосуға «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорынан грант алдық. Грант қаражатына біз Адаптивті дене шынықтыру бойынша жаттықтырушыларды оқытып, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдық. Жоба басталған сәттен бастап 30 бала Адаптивті дене шынықтыру сабақтарына қатысты, оның ішінде балалардың 20%-ы сабақтарға тегін, қалғандары ақылы негізде қатысады. Сабақтар аптасына 3 рет бір сағаттан тұрақты негізде өткізіледі. Жиналған қаражат қызметкерлерге жалақы төлеуге және спортзалды ұстауға жұмсалды, - дейді қоғамдық қор басшысы.
Әр 2-3 айда барлық баланың дағдылары бақыланады және олардың жағдайларында айтарлықтай прогресс бар. Мониторинг нәтижелері бойынша балалардың 50%-ында көз байланысы және іс-қимылдарды үйлестіру жақсарды. Балалардың 35%-ы жаттықтырушылардың нұсқауларын жақсы орындай бастады. 20%-ында еліктеу дағдылары күшейді. 15%-ы ұсақ және ірі моториканы жақсартты. 10%-ында топтарда өзара іс-қимыл жасау дағдылары жақсарды.
Қор командасының үлкен жетістігі – «аутизм» диагнозы бар балаларды бейімделген спортпен тегін шұғылданумен қамтамасыз ету бойынша жүктемені алған «Жастар» спорт кешенімен меморандум болды.
Біздің Қордың «Әрекет» жобасына қатысуы біздің өмірімізді ғана емес, бүкіл қаланың өмірін де өзгертті. Енді аутизммен ауыратын балалардың спортпен тегін айналысуға мүмкіндігі бар деп елестетіп көріңіз. Біз үшін бұл үлкен жеңіс, ол мені және бүкіл командамызды жаңа жетістіктерге жетелейді, - дейді Камилла Ситасманова.
Егер балалар тегін секцияға ілікпесе, бірақ олардың ата-аналары сабақ ақысын төлеуге мүмкіндігі болса, «Басқа өмір» ҚҚ әлеуметтік кәсіпкерлік аясында ақылы секциялар жүргізуді жалғастыруда. Бағасы нарықтық бағадан төмен болып қалады.
Егер сіздің отбасыңызда ерекше бала болса, бастысы – өзіңізді жаппау және басқалардың көмегіне тойтарыс бермеу. Есіңізде болсын, мейірімді және түсінігі мол адамдар көп. Қоғаммен бірге болуды жалғастырыңыз, серуендеңіздер, қонаққа барыңыздар, ойын алаңдарына шығып тұрыңыздар. Диагноз қою өте маңызды және балаңыз басқалар сияқты емес деп ұялмаңыз. Оның ерекшеліктері туралы еркін айтыңыз. Ата-аналар әрдайым позитивті болуы керек және аурумен күресуден бас тартпауы керек. Яғни, әр түрлі саладағы кәсіби мамандарды іздеп, баламен үнемі айналысу керек, - деп атап өтті маман.