Енді Аустриядағы қазақстандықтарды қайтару тәртібі жеңілдейді
Қазақстан адамдарды реадмиссиялау туралы осындай келісімдерді 21 елмен жасады.
Сенатта “Қазақстан Үкіметі мен Аустрия Үкіметі арасындағы заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы” Заң мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заңның мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Аустрия Республикасы арасындағы заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы тиімді ынтымақтастыққа, екі мемлекеттің аумағына келу немесе онда болу үшін қолданыстағы шарттарға сәйкес келмейтін немесе сәйкес келмей қалған адамдарды анықтау және қауіпсіз әрі тәртіппен қайтару үшін жылдам және тиімді рәсімдер жасауға құқықтық негіз құру.
Құжат екі елдің аумағына келу және болу шарттарына сәйкес келмейтін немесе сәйкес келмей қалған адамдарды анықтау мен қауіпсіз әрі белгіленген тәртіппен қайтару бойынша тиімді рәсімдерді қалыптастыруға бағытталған. Атап айтқанда, үшінші мемлекеттердің азаматтарын олардың азаматтығы бар елге, ал азаматтығы жоқ адамдарды соңғы уақытта тұрақты тұрған немесе оларға жол жүру құжатын берген мемлекетке қайтару қағидаты бекітілген. Сонымен қатар, реадмиссия туралы сұрау салудың мазмұнына қойылатын талаптар, оны жолдау тәртібі мен қарау мерзімдері, қайтаруға жататын адамдарды тасымалдау шарттары мен тәсілдері белгіленген. Тасымалдау әуе және жерүсті көлігін қоса алғанда, кез келген көлік түрімен жүзеге асырылуы мүмкін, - деді сенатор Мұрат Қадырбек.
Заңның міндеті – 2025 жылғы 28 ақпанда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералдық Үкіметі арасындағы заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімді ратификациялау.
Келісімде заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу тетіктерін іске асыруға бағытталған құқықтық, әкімшілік және рәсімдік шаралардың регламенттелген жүйесі көзделеді.
Қазақстан адамдарды реадмиссиялау туралы осындай келісімдерді 21 елмен жасады. Олар Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, РФ, Германия, Швейцария, Чехия, Латвия, Литва, Норвегия, Беларусь, Мажарстан, Бельгия, Нидерланд, Люксембург, Молдова, Польша, Эстония, Сербия, Франция, Италия.
Келісімді ратификациялау заңсыз көші-қон мен трансшекаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған рәсімдеріне, қағидаттары мен нормаларына сәйкес қауіпсіз реадмиссиялауды қамтамасыз ету мәселелерінде екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді, - деді сенатор Нұрлан Бекназаров.