Енді әр азамат өз деректерінің интернетке шығып кеткенін тексере алады
Қазақстандықтар жеке деректерінің таралғаны туралы алдын ала хабардар болады.
Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасындағы түзетулердің бір бөлігі дербес деректерді қорғау мен киберқауіпсіздік мәселелеріне арналған. Өзгерістер азаматтардың жеке деректерін қорғауға қатысты конституциялық нормаларды жетілдіру мақсатында әзірленген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжатты жалпы отырыста депутат Екатерина Смышляева таныстырды.
Заң жобасына сәйкес, дербес деректер операторларын классификациялау жүйесі енгізіледі. Олар өңделетін ақпарат көлемі мен қауіп деңгейіне қарай шағын, орта және ірі операторлар болып бөлінеді. Соған сәйкес әр санатқа қойылатын талаптар да әртүрлі болады. Осылайша, дербес деректер саласында тәуекелге негізделген реттеу тетігі қалыптастырылмақ.
Сонымен қатар таралып кеткен дербес деректердің арнайы тізілімі құрылмақ. Мемлекеттік ақпараттық жүйе арқылы әрбір азамат өзіне қатысты қандай деректердің ашық қолжетімділікке шығып кеткенін немесе таралу қаупі бар екенін тексере алады. Бұл азаматтарға жеке мәліметтерін қорғау үшін уақытылы шара қабылдауға мүмкіндік береді.
Түзетулер аясында дербес деректерді жариялау және алмасу кезінде оларды қорғау талаптары да күшейтіледі. Атап айтқанда, құжаттарды ашық жариялау қажет болған жағдайда дербес деректерді бүркемелеу, хеш-кодтарды пайдалану және операторлар арасында ақпарат алмасу кезінде деректерді шифрлау міндеттеледі.
Бұдан бөлек, азаматтардың дербес деректерін ашық дереккөздерде жариялауға келісім беру тәртібі нақтыланады. Енді келісім беру кезінде адамның өз деректерін көпшілікке жариялауға рұқсат беретіні немесе бермейтіні нақты әрі бөлек көрсетілуі тиіс.
Сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымның аса маңызды нысандарына мемлекеттік бақылау жүргізу функцияларын қайта бөлу ұсынылған. Мұндай объектілерді басқару саясаты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құзырында қала береді. Ал мемлекеттік бақылау функцияларын Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беру көзделіп отыр.