Енді әншілер фонограммамен ән айта алмайды: Зайытов айыппұл туралы ескертті

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов мәдениет саласындағы маңызды өзгерістердің бірі ретінде фонограмма қолдануға шектеу қою туралы заң нормасын атады. Бұл туралы ол Мәжілістегі кулуарда журналистерге берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Фонограммаға жаппай тыйым салынған жоқ. Шектеу тек 200 адамнан жоғары қатысатын мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысты. Бұл көрерменнің, яғни тұтынушының мүддесін қорғауға бағытталған. Өйткені 25-50 мың теңге төлеп, концертке барған адам шынайы өнер көруге құқылы. Ол аузын жыбырлатып тұрған әншіні тыңдамауы керек, – деді депутат.

Зайытовтың айтуынша, техникалық мүмкіндігі жоқ немесе арнайы жабдықталмаған алаңдарда фонограмма қолдануға рұқсат беріледі. Алайда кәсіби деңгейдегі концерттерде мұндай тәжірибе болмауы тиіс.

Бұл жерде басты мақсат – әншінің кәсіби деңгейін, сахнаға деген дайындығын тікелей көрерменнің бағалау мүмкіндігін қамтамасыз ету, – деді ол.

Фонограмма қолданылған жағдайда айыппұл тек іс-шараны ұйымдастырушыға салынады. Әншінің өзіне жаза қарастырылмайды.

Ұйымдастырушы – сол әншімен келісімшартқа отыратын, сахнаны жалдайтын, билетті сататын тұлға. Сондықтан жауапкершілік те сол тарапқа жүктелуі керек. Қазір бұл нормаға сәйкес, айыппұл көлемі 1 000 АЕК (шамамен 3,5 млн теңге) болуы мүмкін деген ұсыныс қаралып жатыр, – деді Ринат Зайытов.

Депутаттың айтуынша, фонограмманы дәлелдеген жағдайда қарапайым көрермен де тиісті органдарға шағымдана алады.

Кез келген азамат мәдениет басқармаларына немесе басқа жауапты органдарға шағым түсіре алады. Егер нақты дәлел болса – шара қолданылады, – деді ол.

Ринат Зайытов фонограммаға қатысты бұл талаптар жеке мерекелерге – той, мерейтой, отбасылық шараларға қатысы жоқ екенін атап өтті.

Бұған дейін депутат Зайытов білім беру саласындағы бірқатар жаңашылдықтар туралы айтып, халықаралық және ғылыми олимпиада жеңімпаздары мен олардың педагогтеріне сыйақы тағайындау заң жүзінде бекітіліп жатқанын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы