Енді Алматы тұрғындарына арналған жеңілдетілген тұрақ абонементтері енгізіледі

Алматыда тұрғындарға үйлерінің маңындағы ақылы тұрақтарда көліктерін қалдыруға мүмкіндік беретін жеңілдетілген тарифпен тұрақ абонементі енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Әкімдік мәліметінше, тиісті қаулы жобасында “тұрғын абонементі” түріндегі жеңілдетілген тариф қарастырылған.

Бұл абонемент көпқабатты үйдің ауласында тұрақ орындары болмаған жағдайда тұрғындарға үй маңындағы коммуналдық ақылы тұрақтарды пайдалануға мүмкіндік береді. Абонемент растаушы құжаттар негізінде беріледі. Алдын ала есеп бойынша, ай сайынғы абонемент құны – 6 мың теңге.

Сонымен қатар тұрақ ақылы режимде тек сағат 08:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл тұрғындарға жұмыстан кейін көліктерін түнге тегін қоюға мүмкіндік береді.

Алматыда сонымен бірге бірқатар азаматтар санаты тұрақ ақысынан босатылған. Атап айтқанда, төлемнен босатылады:

• Ұлы Отан соғысы мен жауынгерлік қимылдар ардагерлері және оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ еңбек ардагерлері;
• I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар және мүгедек балалардың заңды өкілдері;
• “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлері мен “Батыр ана” атағын алған көпбалалы аналар;
• Семей ядролық полигонындағы сынақтардан зардап шеккен азаматтар;
• Электромобиль иелері.

Бұған дейін Алматылықтар тұрғын аудандардағы ақылы автотұрақтарды жоюды талап етіп, петиция жариялады. Қол жинау келесі жылдың 21 сәуіріне дейін жалғасатыны туралы хабарланған болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Алматы әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы