Енді алимент төлеуден жалтарған такси жүргізушілері ұсталады
Алматы қаласында алимент төлеуден қасақана жалтарып жүрген азаматтарды анықтауға бағытталған жаңа тетік іске қосылмақ. Бұл ретте Алматы қаласының прокуратурасы мен Yandex Qazaqstan арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжатқа қала прокуроры Серік Кәріпбеков пен компанияның Қазақстандағы басшысы Тимур Шалекенов қол қойды.
Прокуратура мәліметінше, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркеліп, іс жүзінде сандық платформалар арқылы табыс тауып жүрген алимент төлеушілер анықталған.
Олардың бір бөлігі табысын жасырып, алименттік міндеттемелерден жалтарған. Әсіресе, такси және өзге де онлайн сервистер арқылы кіріс табатын азаматтар арасында мұндай жағдайлар жиі кездеседі.
2025 жылдың өзінде Алматы қаласында алимент төлемеуге қатысты 110 дерек тіркелген. Оның ішінде 57 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Жасалған меморандум аясында тараптар заң шеңберінде жүйелі ақпарат алмасуды, жедел деректермен өзара бөлісуді және кірісті жасыру фактілерін анықтауға бірлесе әрекет етуді көздейді. Бұл өз кезегінде алимент бойынша берешектің алдын алуға және оның уақытында өндірілуіне ықпал етпек.
Құжаттың басты мақсаты - балалардың құқықтарын қорғауды күшейту және алименттік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету.
Сондай-ақ меморандум мемлекет пен әлеуметтік жауапты бизнестің өзара іс-қимылы арқылы алимент төлеуден жалтарудың бұлтартпастығын арттыруға бағытталған.
Осыған дейін Ақмола облысында алимент төлемеген ана сотталған еді.