Енді Әбу-Дабиге аптасына 7 рет ұшуға болады
ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті халықаралық рейстер санын ұлғайту және ұшу географиясын кеңейту бойынша жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР ИИДМ баспасөз қызметі мәліметінше, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап «Wizz Air Abu Dhabi» төмен бюджеттік әуе компаниясы ҚР және БАӘ астаналары Астана және Әбу-Даби қалалары арасында аптасына 3-тен 5 ретке дейін (сейсенбі, сәрсенбі, жұма, сенбі, жексенбі) тұрақты жолаушылар рейстерінің санын ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар 2023 жылғы 4 тамыздан бастап "Wizz Air Abu Dhabi" әуе компаниясы Алматы – Әбу-Даби бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерінің санын аптасына 5-тен 7 ретке дейін (күн сайын) арттыруды жоспарлап отыр. Рейстер Airbus 320 және Airbus 321 типті әуе кемелерінде орындалады, - делінген хабарламада.
Қазақстан мен БАӘ арасындағы рейстер санының ұлғаюы елдер арасындағы туристік, мәдени, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ халықаралық әуе тасымалдар нарығындағы бәсекелестікті арттыруға және әуе билеттер бағасының төмендеуіне ықпал ететін болады.