Енді 1000 теңгеге дейін қарызы болса, кәсіпкердің шоты бұғатталмайды

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жаңа Салық кодексі аясында кәсіпкерлердің банктік шоттары қарыздар бойынша қай уақытта бұғатталмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елімізде енді қарыз мөлшеріне байланысты сараланған тәсіл қолданылады.

Егер қарыз көлемі 20 АЕК-ке (1 АЕК – 3 932 теңге. 78 640 теңге) дейін болса, кәсіпкерлерге ескерту жіберіледі. Үлкен сомадағы қарызы барлардың ғана шоттары бұғатталады. Айта кету керек, салықтардан бөлек зейнетақы, әлеуметтік және медициналық аударымдар секілді әлеуметтік төлемдер бар. Бұл аударымдар бойынша 1-10 теңге қарыз үшін шоттар бұғатталуы мүмкін. Біз осы мәселе жөнінде әлеуметтік блокпен бірлесе жұмыс істеп, шоттарды бұғаттау шегін арттыру туралы шешім қабылдадық. Яғни 1000 теңге көлеміндегі қарыз үшін шоттар бұғатталмайды, - деді Қаржы вице-министрі Мәжіліс кулуарында.

Сөзінше, бұл мәліметтер жаңа Салық кодексі жобасында айтылған. Біржанов бұл нормалар қазір талқыланып жатқанын қоса кетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - архив
Өзгелердің жаңалығы