Еңбектің күші – отбасының тірегі

Еңбекке адалдығы, табандылығымен ерекшеленетін мыңдаған қазақстандық жұмысшылардың бірі – Жамбыл облысының қарапайым ғана ауылында тұратын Дәурен Абдірасилов. Оның әр күні еңбекке арналғаны, әр істі жауапкершілікпен атқарады. BAQ.KZ тілшісі тынымсыз тіршіліктің тегеурінді жұмысшысымен сұхбаттасып қайтты.

Биыл елімізде "Жұмысшы мамандықтар жылы" жарияланып, ауылдағы қарапайым еңбек адамдарының қадір-қасиеті бұрынғыдан да айқын көріне түсті. Алыстағы шағын ауылдарда күн сайын маңдай терімен нәпақасын тауып жүрген жандар – мемлекеттің тірегі, жердің иесі, еңбектің шынайы иелері. Олар сахнадан сөйлемейді, камера алдында жарқырап жүрмейді, бірақ олардың әрбір еңбегі – ауылдың тынысы, елдің ертеңі. Қара жерді қопарып, маусым айларында аптап ыстыққа қарамай, көктемде құбылған ауа райына мойымай, қыстың аязына қаймықпай, өмірін адал еңбекке арнаған жұмысшы мамандық иелері – қоғам үшін өлшеусіз маңызды тұлғалар. Әсіресе ауыл тіршілігінің ауыр жүгін көтеріп жүрген еңбек адамдары – нағыз батырлар. Олардың қолымен өсірілген әрбір өнім, салған әрбір қора-жай, күткен әрбір егін – туған жердің дамуына қосылған зор үлес. Себебі ауыл – ұлттық болмыстың бесігі, ал ауылдағы еңбек адамы – сол болмысты алып тұрған алтын қазығы. Осындай еңбекке адалдығы мен табандылығымен ерекшеленетін мыңдаған қазақстандық жұмысшылардың бірі – Жамбыл облысының қарапайым ғана ауылында тұратын Дәурен Абдірасилов. Оның әр күнін еңбекке арнағаны, әр істі жауапкершілікпен атқаратыны – биылғы "Жұмысшы мамандықтар жылының" мәнін терең сездіретін жарқын мысалдардың бірі.

Дәурен Абдірасиловтың отбасы маңдай терімен берекесін тауып отыр. Табанды еңбек пен адал ниетті ту еткен бұл жанұя ауылдастың бәріне үлгі. “Еңбек етсең – емерсің” деген сөзді осы шаңырақтың тіршілігінен айқын көруге болады. Дәурен үшін жылыжай – жай ғана кәсіп емес, отбасының тірегі, бала-шағаның ертеңіне салынған зор жауапкершілік. Аядай аулада көктемде салынған 200 шаршы метрлік жылыжай бүгінде отбасының күнделікті тірлігінің ортасы. Ерте таңда жылыжай ішіндегі жылуды тексеруден басталатын жұмыс күні кеш батқанша аяқталмайды.

Қияр өсіру оңай емес. Бұл сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін, бірақ іс жүзінде әрбір ұсақ-түйекке дейін ерекше мән беруді талап ететін жұмыс. Әрбір су тамшысы, әрбір градус жылу – ертеңгі өнімнің сапасына тікелей әсер етеді. Жылыжайда бәрін автоматтандырып қойғанның өзінде, табиғаттың, ауа райының өз мінезі бар. Сол себепті күндіз де, түнде де бәрін бақылаудан шығара алмайсың. Кейде түн ортасында ұйқыдан тұрып, жылыжайға қайта кіріп, температураны тексеріп, желдеткіш дұрыс істеп тұр ма, су жүйесінде ақау жоқ па – соның барлығын қайта қарап шығатын кездер болады. Өйткені бір сәттік немқұрайдылық бүкіл еңбекті жоққа шығаруы мүмкін. Бұл — жай ғана жұмыс емес, біздің өміріміздің бір бөлігі, соған айналып кеткен күнделікті міндет. Қияр өсіру барысында біз тек топырақ пен көшетке ғана емес, шыдам мен жауапкершілікке де тәуелдіміз. Әр өсімдік өзінің күтімін, өз мейірімін талап етеді. Сол себепті мұнда жеңіл-желпі қарауға болмайды. Нарыққа шығарған әр қиярдың артында қанша тер, қанша еңбек тұрғанын көпшілік біле бермейді. Бірақ біз үшін маңыздысы – адамдардың таза, табиғи өнім тұтынуы. Қиындық көп, бірақ еңбектің өтеуі бар. Сондықтан бұл істі шын ниетпен, жүрекпен атқармасаң, нәтиже шықпайды. Мен үшін жылыжай – жай ғана кәсіп емес, өз қолыңмен өсірген нәрсенің адамға пайдасын тигізіп жатқанын көру қуанышы. Сол сезімнің өзі барлық шаршауды ұмыттырады, – дейді еңбек адамы.

Тамшылатып суару әдісімен өсіріліп жатқан өнім – отбасының маңдай терінің жемісі. Табиғи жылумен сақталатын жылыжайда ең тиімді температура 20–25 градус болып отырады. Күн жылы болса – табиғаттың өзі көмекші, ал түнде от жағу да – міндет.Бұл үйдің басты күші – бірлік. Әр адамның өз міндеті бар: бірі көшет баптайды, бірі түптейді, бірі суару жүйесін қадағалайды. Балалар да шама-шарқынша көмектесіп, еңбектің не екенін ерте сезінуде.

Еңбектің дәмі тәтті ғой. Басында қорқыныш болды, “шығынымды жауып, отбасымды асырай аламын ба?” деген ой маза бермеді. Кейде “қолымнан келе ме, жоқ па?” деген күмән де болды. Бірақ еңбекке бел буған адамға жол ашылады екен. Әр күн сайын жасаған ісім нәтиже бере бастағанда, бойымдағы сенім нығайып, артқа емес, алға қарауды үйрендім. Еңбек адамды шыңдайды, табандылық беріп, ерік-жігерді күшейтеді. Бүгінде әр аяқталған жұмыс, әр адал табыс маған күш береді. Қиындығы да, шаршауы да бар, бірақ соның бәрі беретін қуанышымен, шынайы ризалығымен артық. Еңбектің қадірін сезінген сайын, өмірімнің де мәні тереңдей түсті. Мен үшін бұл – жай күнкөріс емес, балаларыма көрсететін өнегем. “Әкең осылай тер төкті, сендер де ештеңеден қорықпай, маңдай термен нан тапсаңдар, жолдарың ашылады” дегенді олар жүректерімен түсінсе деймін. Ең үлкен мұра – байлық емес, еңбек етудің мәдениеті, адалдық пен табандылық. Осыны ұрпағыма қалдыру – менің борышым, – деді.

Ол алғашқы өнімін желтоқсанда алмақ. Осы маусымда 1,5 тоннаға дейін өнім жинауды жоспарлап отыр. Алдағы арман — тағы бір жылыжай көтеріп, шаруашылықты кеңейту. Ауылда өз күніңді өзің көріп, адал еңбекпен тіршілік ету – үлкен ерлік. Дәурен отбасының тірлігі – соның айқын дәлелі. Қарапайым ауыл адамы да табандылық пен маңдай тердің арқасында өз ісін дөңгелетіп, баласына үлгі бола алады.

Міне, шынында да, еңбектің алдында ешбір қиындық бөгет бола алмайтынын уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Адам өз ісін жүрек қалауымен, адал ниетпен атқарғанда ғана шынайы нәтиже туатыны анық. Осы тұрғыдан алғанда, Абдірасиловтар отбасының бүгінгі жетістігі – олардың маңдай терімен келген жеңістің, тaбандылық пен бірліктің жемісі. Бұл отбасының өмір жолы – адал еңбек пен ізгіліктің адамды әрдайым биікке жетелейтінінің айқын мысалы. Ендеше, адалдықты арқау еткен әрбір қадам, әрбір іс – ертеңге қалатын ең үлкен мұра, болашаққа жол көрсететін бағдары екенін ұмытпайық. Шыны керек, еңбектің алдында ешбір қиындық қарап тұрмайды. Тек жүрекпен істеген іс қана нәтиже береді. Абдірасиловтар отбасының бағы – дәл осы адал еңбекте.

Айта кету керек, еңбек адамы аталған кәсіпті қайтарымсыз грант арқылы ашқан. Биыл Жамбыл ауданында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант 400 АЕК 90 азаматқа 141 млн 552 мың теңге грант берілді. Грант алғандардың қатарында мүгедектігі бар азамат, асыраушысынан айрылған, көпбалалы отбасы, мүгедек бала бағып отырған ата-аналар да бар. Аудандық "Мансап орталығы" мамандарының мәліметінше, берілген қаржы түрлі саладағы жобаларды қолдауға бағытталған. Ал биыл мемлекеттік грант алғандардың басым бөлігі мал шаруашылығы, ат әбзелдері, балық өсіру, дәнекерлеу және жиһаз цехтары, жылыжай шаруашылығы сынды сан түрлі кәсіптерін ашқан. Егер азаматтың жақсы идеясы бола тұра, саланың қыр-сырын жетік білмесе, мамандар арнайы қайта даярлау курсынан өткізу мүмкіндігі де бар екенін жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы