Сертификат бар, білім бар ма: Қазақстанда еңбекті қорғау жүйесі қалай өзгермек?
Сарапшы жүйедегі мәселені атады.
Еңбек қауіпсіздігі – өндірістегі ең маңызды мәселелердің бірі. Алайда мамандарды даярлау сапасы, оқу орталықтарының жұмысы және сертификат беру тәртібінде әлі де шешімін күткен түйткілдер бар. Еңбек күніне орай BAQ.KZ тілшісі Республикалық еңбекті қорғау ғылыми-зерттеу институты бас директорының міндетін атқарушы, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Әлімжан Бекмағамбетовпен сұхбаттасып, саладағы негізгі мәселелер мен жоспарланып отырған өзгерістер туралы сұрады.
– Қазақстанда еңбекті қорғау саласындағы мамандарды даярлау сапасын қалай бағалайсыз? Бұл бағытта қандай әлсіз тұстар бар?
– Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мамандарды сапалы даярлау – әрбір кәсіпорында, ұйымда және мекемеде қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етудің маңызды шарты. Оқытудағы кемшіліктер өндірістік жарақаттанудың себептерінің бірі саналады.
Бұған дейін Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасында осы саладағы кәсіби құзыреттерді дамытуға қатысты қордаланған жүйелі мәселелер нақты көрсетілді. Олардың қатарында оқытуды ұйымдастыру мен өткізудегі формализм, ескірген оқыту технологияларын пайдалану, оқу орталықтары мен ондағы оқытушылардың саны туралы бірыңғай деректің болмауы, сондай-ақ білімін тексеруден сәтті өткен адамдардың саны жөніндегі ортақ ақпараттың жоқтығы бар.
– Еңбекті қорғау бойынша оқудан өткен адамның білімі іс жүзінде қалай тексеріледі? Сертификат алған маманның қажетті дағдыларды шынымен меңгергеніне кепілдік беретін механизм бар ма?
– Еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес қызметкерлерді оқытуды жұмыс беруші ұйымдастырады. Жұмыс беруші өзінің оқу бөлімшесін құрып, қызметкерлерін сол жерде оқыта алады. Мәселен, кейбір ірі кәсіпорындардың корпоративтік университеттері мен оқу-курстық комбинаттары бар.
Оқу бағдарламаларын және емтихан материалдарын әзірлеу, білімді тексеру және апелляция мәселелерін жұмыс беруші өз ресурстары арқылы ұйымдастырады.
Қажетті дағдыларды меңгеруді қамтамасыз ететін тетіктердің бірі – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің ішкі бақылауы. Бұған қоса қызметкерлер мерзімді аттестаттаудан өтуі қажет. Әсіресе еңбек заңнамасына өзгерістер енгізілгенде немесе кәсіпорын жаңа жабдық сатып алғанда қызметкердің тиісті техникалық регламенттер мен стандарттарды білуі маңызды.
Егер жұмыс берушінің өзінің оқу бөлімшесі болмаса, сыртқы оқу ұйымын тарта алады. Мұндай ұйымның меншігінде немесе жалға алынған оқу сыныбы, аудио және бейнетехникасы, компьютерлері немесе планшеттері болуы керек. Сондай-ақ білім алушыға арналған оқу-әдістемелік және ұйымдастырушылық ақпарат орналастырылған білім беру порталы, оқу құралдары, дәрістер, әр бағыт бойынша салалық ерекшеліктер ескерілген қазақ және орыс тілдеріндегі оқу жоспарлары мен бағдарламалары болуы қажет.
Бірақ басты мәселе – біз ел бойынша жалпы жағдайды толық көріп отырған жоқпыз. Қанша адамның оқудан, нұсқамадан, тағылымдамадан өткені, қаншасының білімін тексеруден сәтті өткені туралы бірыңғай мәлімет жоқ. Бұл өндірістік жарақаттанудың себептеріне терең талдау жүргізуге және тиісті түзету шараларын әзірлеуге кедергі келтіреді.
– Нарықта кейбір адамдардың оқудан мүлде өтпей немесе оны тек формалды түрде өтіп, сертификат алатыны айтылады. Мұндай тәжірибені тоқтату үшін не өзгеруі керек?
– Мұның бір себебі – оқу орталықтарына қойылатын талаптардың жеткілікті деңгейде қатаң болмауы және олардың қызмет сапасына қатысты жауапкершіліктің толық қалыптаспауы.
Біз шағын зерттеу жүргіздік. «Құпия сатып алушы» әдісімен сауалнамаға қатысқан 35 оқу орталығының 34-і бүгін ақша төлеп, ертең оқудан және білімді тексеруден өтпей-ақ сертификат алуға болатынын айтқан.
Тағы бір мысал бар. Бір оқу орталығы бастапқы құны 6 млн теңге болған тапсырысты бағаны төмендету арқылы 200 мың теңгеге жеңіп алған. Ең маңыздысы – бұл оқу орталығының тиісті оқытуды сапалы өткізуге қажетті ресурстары мен мүмкіндіктері болмаған.
Қолданыстағы реттеу еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқудан және білімді тексеруден өтуді міндеттейді. Алайда оқу мазмұнына, оқытушылардың біліктілігіне, ұйымдастырушылық-әдістемелік сүйемелдеуге және нәтижелерді цифрлық есепке алуға қатысты бірыңғай талаптар толық қамтамасыз етілмеген.
– Еңбекті қорғау бойынша білім беретін ұйымдар мен оқытушылардың құзыреттілігі қалай тексеріледі? Оларға қойылатын талаптарды күшейту қажет пе?
– Қазіргі уақытта, өкінішке қарай, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында қызмет көрсететін оқу орталықтарының құзыреттілігін тексерудің толыққанды механизмі жоқ.
Оларға және олардың оқытушыларына қойылатын талаптарды күшейту қажеттігі туындап отыр. Әсіресе тау-кен, мұнай-газ, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және көлік секілді өндірістік жарақат алу қаупі жоғары салаларда сабақ беретін мамандарға ерекше талап қажет.
Жақында еліміздің сегіз өңіріндегі 22 оқу орталығы бойынша аналитикалық анықтама дайындадық. Өкінішке қарай, барлық өңір сұралған ақпаратты ұсынуға дайын болмады. Зерттелген орталықтардың кейбірі оқытушыларының санын да көрсетпеген.
Қолда бар мәлімет бойынша, оқу орталықтарында орта есеппен төрт оқытушыдан жұмыс істейді. Ең жоғары көрсеткіш – 11 оқытушы. Олардың арасында халықаралық деңгейде мойындалған ұйымдардың сертификаттарына ие мамандар да бар.
Оқу сыныптарының болуы, олардың жабдықталуы, соның ішінде заманауи тренажерлар мен VR технологияларын пайдалану жөнінде де бізде жинақталған толық ақпарат жоқ.
Бұл салаға жауапкершілікпен қарайтын ұйымдар оқытушылардың біліктілігін арттыруға, қажетті оқу құралдары мен жабдықтарды сатып алуға, сондай-ақ білімді тексеру кезінде академиялық адалдықтың бұзылуына жол бермеу үшін прокторинг жүйелерін енгізуге тұрақты түрде инвестиция салады.
Біздің ғылыми ұсынымдарымыздың негізінде Ұлттық статистика бюросы 2024 жылдан бастап жұмыс берушілердің қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етуге жұмсайтын шығындары туралы мәлімет жариялап келеді. 2024 жылы жұмыс берушілер бұл мақсатқа 400 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған, оның шамамен 6 млрд теңгесі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша оқытуға бағытталды. Ал 2025 жылы жалпы шығын 500 млрд теңгеден асып, оның 8 млрд теңгеден астамы оқытуға жұмсалды.
Алайда оқу орталықтары бойынша осындай ашық әрі жинақталған дерек әзірге жоқ.
– Қазіргі оқу бағдарламалары өндірістегі нақты қауіп-қатерлерге қаншалықты бейімделген? Теориядан гөрі практикалық дайындықты күшейту қажет пе?
– Біздің институт 2023 жылы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша оқыту мәселелеріне қатысты ғылыми зерттеу жүргізді. Бұл ретте халықаралық тәжірибені де зерделедік.
Халықаралық тәжірибе көптеген елде еңбекті қорғау саласындағы оқытушылар мен тренерлердің біліктілігіне нақты талап қойылатынын көрсетеді. Сонымен бірге оқу сапасын орталықтандырылған бақылау, оқу ұйымдарын аккредиттеу және оқытушылардың құзыреттілігін растау тетіктері қолданылады.
Мысалы, Халықаралық еңбек ұйымының оқу орталығы тренерлерді арнайы бағдарламалар бойынша даярлайды. Ұлыбританияда NEBOSH бағдарламалары бойынша оқыту аккредиттелген серіктестер арқылы жүргізіліп, оқытушының кәсіби біліктілігі өзі жүргізетін бағдарламаның деңгейінен төмен болмауы тиіс. Бұдан бөлек, оның практикалық тәжірибесі мен кәсіби білімінің өзектілігі ескеріледі.
IOSH жүйесінде де оқытушыға кәсіби және педагогикалық талаптар қойылады. АҚШ-та OSHA бағдарламалары бойынша сабақ беру үшін маман арнайы дайындықтан өтіп, еңбек қауіпсіздігі саласында кемінде 3-5 жыл практикалық тәжірибеге ие болуы және кейін өзінің біліктілігін тұрақты түрде растауы керек.
Канадада кейбір бағдарламалардың оқытушыларына кәсіби және педагогикалық құзыреттілік бойынша талап қойылса, Австралияда оқытушы арнайы педагогикалық біліктілікпен қатар өзі сабақ беретін бағыт бойынша тиісті кәсіби деңгейге ие болуы керек.
Яғни халықаралық тәжірибеде сертификаттың өзі жеткіліксіз. Оқытушының кәсіби тәжірибесі, педагогикалық дайындығы және білімінің үнемі жаңартылып отыруы маңызды.
– Жалпы, Қазақстанда еңбекті қорғау саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру үшін қандай жүйелі өзгерістер қажет? Оқыту, емтихан тапсыру және сертификат беру жүйесі қалай өзгеруі керек?
– Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту, нұсқама беру және білімді тексеру жүйесін мемлекеттік реттеуді жетілдіру қажет. Ол үшін бірыңғай тәсілдерді, цифрлық құралдарды және оқу мен білімді тексеруді ұйымдастырушылық-әдістемелік сүйемелдеуді қамтитын Бірыңғай цифрлық жүйе енгізілуі керек.
Жұмысшылар мен техникалық инспекторлар жұмыс берушінің өзінде оқытыла алады. Ал мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда қызметкерлер жұмыс берушінің қаражаты есебінен оқу ұйымдарында білім алады.
Кәсіби құзыреттер бойынша оқудан және білімін тексеруден кәсіпорынның бірінші басшылары мен еңбек қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар, жалдамалы жұмыскерлері бар жеке кәсіпкерлер, еңбекті қорғау қызметінің басшылары мен мамандары, жұмыс берушінің бұйрығымен осы қызметтің функцияларын атқаратын адамдар, өндірістік кеңестердің төрағалары, оқу ұйымдарының емтихан комиссияларының төрағалары мен мүшелері, оқытушылар, еңбек жағдайлары мен кәсіби тәуекелдерді бағалау жөніндегі мамандар өтуі тиіс.
Ең маңызды өзгерістердің бірі – білімді тексерудің орталықтандырылған тәртібін енгізу.
Ұсынылып отырған модель бойынша оқу орталықтары оқытудан өткен адамдардың тізімін уәкілетті органның Бірыңғай цифрлық жүйесіне енгізеді. Одан кейін азаматтар бірыңғай ережелер мен бірыңғай тест сұрақтары базасы бойынша сол жүйеде тестілеуден өтеді. Білімін сәтті растаған жағдайда QR-коды бар электронды сертификат беріледі.
Уәкілетті мемлекеттік орган Бірыңғай цифрлық жүйеде оқудан және білімді тексеруден өткен азаматтардың электронды сертификаттарының бірыңғай тізілімін жүргізуі керек.
Сонымен қатар мамандарды даярлау сапасы Ұлттық біліктілік жүйесі аясында қамтамасыз етіледі.
Бұл ұсыныстар Еңбек кодексіне өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасына енгізілді. Соның аясында елімізде алғаш рет оқыту және білімді тексеруге арналған жеке бап пайда болуы көзделіп отыр.
Оны іске асыру тетіктері еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша қызметкерлерді, басшыларды және жауапты тұлғаларды оқыту, нұсқама беру және білімін тексеру қағидаларында нақтыланады.
Қазір аталған жаңашылдықтар қоғамдық талқылау кезеңінде. 10-15 қыркүйек аралығында «Ашық НҚА» порталында осы өзгерістердің бизнес субъектілеріне, оның ішінде оқу орталықтарына реттеушілік әсерін талдау жобасы жарияланды.
Бұл жерде бір нәрсені ұмытпауымыз керек. Әңгіме жай ғана оқу процесі туралы болып отырған жоқ. Бұл – жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына, адамның жарақат алуына немесе қаза болуына жол бермеуге бағытталған жүйе.
–Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!