Еңбекмині мен БҰҰ БЖКБ Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова БҰҰ Босқындар жөніндегі Жоғарғы Комиссары Басқармасының Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі Ханс Фридрих Шоддермен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, тараптар Қазақстанда босқындар мен пана іздеушілерге көмек көрсету мәселелерін талқылап, Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Тамара Дүйсенова кіріспе сөзінде «Босқындар туралы» Заңға сәйкес пана іздеушілер мен Қазақстан Республикасының аумағындағы босқындар осы заңнаманы өз құқықтарын қорғау үшін пайдаланады деп атап өтті. Құқықтық көмекпен қатар, олар ҮЕҰ мен халықаралық ұйымдардан, атап айтқанда БҰҰ БЖКБ-дан материалдық және гуманитарлық қолдау алады.
БҰҰ БЖКБ босқындар мен пана іздеушілерге көрсетілетін көмектің барлық циклінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін үйлестіруші ретіндегі үлкен рөлін атап өткім келеді. Біз БҰҰ БЖКБ-ның Алматы процесін құрудағы қосқан үлесін аралас көші-қон және босқындар құқығын қорғау динамикасының нәтижесінде туындайтын проблемаларды шешуге бағытталған диалог алаңы ретінде жоғары бағалаймыз», – деді ЕХӘҚМ басшысы.
Министр сондай-ақ Босқындардың мәртебесі туралы 1951 жылғы Конвенцияның ережелерімен ұлттық заңнама нормаларын имплементациялау жөнінде ұсыныстар дайындау, сондай-ақ босқындар мен пана іздеушілердің құқықтарын ілгерілету үшін БҰҰ БЖКБ-мен ынтымақтастықты нығайту және бірлескен бастамаларды әзірлеу жөнінде шаралар қабылдау көзделген ҚР Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасының қабылданғаны туралы хабардар етті.
Министрлік тиісті мемлекеттік органдармен және БҰҰ БЖКБ-мен бірлесіп босқындармен жұмыс жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау шеңберінде босқындардың медициналық көмек алуға, жұмысқа орналасуға, білім алуға және әлеуметтік көмек алуға қол жеткізуін қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар дайындады. Біз халықаралық міндеттемелерді орындау бойынша одан әрі ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз, – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Өз кезегінде Ханс Фридрих Шоддер босқындар мен пана іздеушілерге көмек көрсету мәселелерінде тараптардың өзара іс-қимылының маңыздылығын айтып өтті, сондай-ақ одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.
Кездесу соңында Тамара Дүйсенова мен Ханс Фридрих Шоддер Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, оның негізгі мақсаты босқындар мен Қазақстан аумағынан пана іздеген адамдарды қорғау және гуманитарлық көмек көрсету саласында тығыз ынтымақтастық орнату болып табылады.