Еңбекке қабілетті азаматтар ұсынылған жұмыстан бас тартса, АӘК 6 айға тоқтатылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов егер еңбекке қабілетті азаматтар ұсынылған жұмыстан бас тартатын болса, онда атаулы әлеуметтік көмек 6 айға тоқтатылатынын айтты.

Әлеуметтік саладағы өзекті мәселелердің бірі – аз қамтылған отбасылардың жағдайы. Біз күнкөріс деңгейі кедейлік шегінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетеміз. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Бүгінгі күні осындай көмекті елімізде 95 мың отбасы алып отыр, - деді Үкімет мүшесі.

Оның сөзінше, 2020 жылы азаматтардың талап-тілектері мен депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, атаулы көмекті тағайындаудың механизмі өзгертілді.

25 табыс түрі мен әлеуметтік төлемдер депутаттардың ұсыныстары бойынша алынып тасталды. Көмек алушыларды еңбекке ынталандыру тәсілдері енгізілді. Егер еңбекке қабілетті азаматтар ұсынылған жұмыстан бас тартатын болса, онда атаулы әлеуметтік көмек 6 айға тоқтатылады. Бұл атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) масылдыққа айналмауын болдырмауға бағытталған. Бұл бір емес, бірнеше рет елдің көкейінде көтеріліп жүрген мәселе. «Ағын ақ деп, қарасын қара деп» елге айтуымыз керек, - дейді Тоғжанов.

Оның сөзінше, АӘК табысы жан-жақты тексеріле отырып, тұрмысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға ғана тағайындалатын мемлекеттің қолдауы.

Үкімет тарапынан мемлекеттік қолдауды қажет ететін отбасыларды тұрақты қамқорлыққа алып, қажет ететін проактивтік форматта көмек көрсету үшін  мемлекеттік органдардың 20 цифрлық қосымшаларын интеграциялау арқылы отбасының цифрлық картасы әзірленеді. Ол осы жылдың бірінші жарты жылдығында аяқталады, - деп толықтырды Ералы Тоғжанов Мәжілісте.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы