Еңбекақы жүйесін анықтау механизмін қайта қарау қажет – Сатыбалды Дәулеталин
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеше Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен бейнеконференцбайланысы арқылы Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Бұл туралы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы хабарлады.
Кездесу барысында әлеуметтік әріптестер еңбек қатынастарын реттеу мәселелерін, «Теңізшевройл» ЖШС-нің жұмыстан босатылған жұмысшыларын жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету шараларын талқылады, сондай-ақ Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы қаралды.
Отырыс барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еңбекақы жүйесін заңнамалық деңгейде сапалық жағынан жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныс айтты.
Кәсіподақтар федерациясы қоғамның әділеттілікке деген сұранысын айтарлықтай дәрежеде қанағаттандыратын, сондай-ақ халықтың нақты табысын арттыру үшін жағдай жасауға мүмкіндік беретін бірқатар жүйелі шараларды ұсынып отыр, - деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Ол, ең алдымен, еңбекақы жүйесін анықтау механизмін қайта қарау қажеттігін атап өтті.
ҚР Еңбек кодексінің 107-бабына сәйкес қызметкердің жалақысы еңбек шартының, ұжымдық шарттардың және жұмыс берушінің актілерінің жағдайларымен айқындалатын жұмыс берушідегі қолданыстағы еңбекке ақы төлеу жүйелеріне сәйкес еңбек шартында белгіленеді. Ұжымдық шарттарда еңбекке ақы төлеу жүйесі және жұмыс берушінің актілері туралы ережелер қамтылуы тиіс болғанымен, іс жүзінде бұл механизм тиімсіз. Бұл жағдайдың негізгі себебі жұмыс берушінің қызметкерге ықпалы және кәсіподақ ұйымдары болмаған жерде жасалған ұжымдық шарттардың декларативті сипаты болып табылады, - деді Сатыбалды Дәулеталин.
Бұл ретте ҚРКФ төрағасы елімізде жасалған 154 635 ұжымдық шарттың тек 25-30 мыңға жуығына кәсіподақтар қол қойғанын еске салды. Оның айтуынша, қалған 129 000 келісімшарттың мазмұны сұрақ тудырады.
Қызметкерлерге жұмыс берушінің еңбекақы төлеуге қатысты қабылдаған шешімдеріне ықпал ету механизмін жасау үшін ҚР Еңбек кодексінің 107-бабына жұмысшылар өкілдерінің пікірін ескере отырып, еңбекке ақы төлеу жүйесін айқындайтын жұмыс берушінің актілерін шығаруды қарастыратын толықтырулар енгізуді ұсынамыз, - деді Сатыбалды Дәулеталин.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы еңбекақыны уақтылы төлеуді қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударды.
Ол жұмыс беруші еңбекақыны төлеу бойынша өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда жұмысшының өз жұмысын тоқтата тұру құқығын заңнамалық деңгейде қарастыруды ұсынды.
Еңбекке ақы алу құқығының конституциялық қамтамасыз етілуіне қарамастан, жалақы бойынша берешек мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес жұмыс беруші жалақыны толық көлемде және белгіленген мерзімдерде төлемеген кезде әкімшілік жауапкершілікке тартылады және жұмыскерге берешек және төлем кідіртілген кезең үшін өсімпұл төлеуге міндетті. Бұл ретте жұмыскерге жұмыс берушіге қандай да бір ықпал ету мүмкіндігінсіз тек уақтылы және толық көлемде жалақысын алу құқығы ғана қамтамасыз етіледі. Осыған байланысты жұмысшыға кешіктірілген сома мен өсімпұлды төлегенге дейін жұмысты тоқтата тұру және бүкіл мерзімге жұмыс орнында болмау құқығын заңмен бекіту ұсынылады. Бұл нормадан ерекшелік ретінде соғыс жағдайы мен төтенше жағдай енгізу, халықтың өмірін қамтамасыз етуді ұйымдастыру және т.б. жағдайларды қарастыру қажет, - деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Сонымен қатар ол ХЕҰ-ның №173 «Жұмыс берушінің төлем қабілетсіздігі жағдайында еңбеккерлердің талаптарын қорғау туралы» конвенциясын толық көлемде ратификациялауды ұсынды.
Яғни кезектілік басымдығын белгілеу нормасынан ғана емес, сонымен қатар жұмыс берушінің төлем қабілетсіздігі жағдайында қызметкерлерді жалақысын жоғалтудан сақтандыру арқылы да, - деп нақтылады Сатыбалды Дәулеталин.