Еңбек тәуекелдері картасы: 2,3 мың кәсіпорын ерекше бақылауға алынды
Министрлік 98 мың кәсіпорынды цифрлық бақылауға алды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек даулары туындамай тұрып кәсіпорындардағы проблемаларды анықтауға мүмкіндік беретін Еңбек тәуекелдері картасы атты цифрлық жүйені қолданып жатыр. Бұл механизмнің қалай жұмыс істейтіні туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір жүйе ел бойынша 98 мың кәсіпорынды қамтып отыр. Оның көмегімен жалақының уақытылы төленуі, еңбек заңнамасының сақталуы және ұйымдардағы әлеуметтік-еңбек ахуалы бақыланады.
Мониторинг нәтижесінде 2,3 мың кәсіпорын жоғары тәуекел санатына, тағы 3,2 мыңы орташа тәуекел санатына енгізілген. Бұл кәсіпорындар мемлекеттік органдардың ерекше бақылауына алынған.
Министрдің айтуынша, жүйе кәсіпорындардағы әлеуметтік-еңбек жағдайын автоматты түрде бақылап, ықтимал заңбұзушылық белгілерін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Еңбек тәуекелдері картасы кәсіпорындардағы әлеуметтік-еңбек ахуалы туралы ақпаратты талдап, еңбек заңнамасын бұзу белгілерін алдын ала анықтауға және жұмыс берушілерге ескерту жасауға мүмкіндік береді, – деді ведомство басшысы.
Цифрлық платформа арқылы мемлекеттік органдар ұжымдық шарттардың болуы, еңбек қатынастарының тіркелуі, жалақының уақытылы төленуі және әлеуметтік аударымдардың жүргізілуі туралы мәлімет алады.
Ведомство мәліметінше, мониторинг аудан деңгейіне дейін жүргізіледі. Бұл әкімдіктерге, еңбек инспекцияларына және құқық қорғау органдарына ықтимал тәуекелдер туралы жедел хабарлап, ерте кезеңде шара қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар елде әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту жалғасып жатыр. Қазір Қазақстанда 4 республикалық, 58 салалық, 25 аумақтық және 444 жергілікті кәсіподақ жұмыс істейді. Биыл Республикалық үшжақты комиссия мүшелері екі отырыс және жұмыс топтарының екі кездесуін өткізген.
Қызметкерлер өкілдерімен цифрлық өзара іс-қимылды кеңейту үшін HR Enbek порталында кәсіподақтың автоматтандырылған жұмыс орны енгізіліп жатыр.
Жүйе әлеуметтік әріптестік туралы келісімдерді цифрландыруды, еңбек жағдайларын бақылауды, кәсіподақ мүшелерінің автоматтандырылған есебін жүргізуді, сондай-ақ ұжымдық шарттарды келісу мен есепке алу процестерін цифрлық сүйемелдеуді қарастырады, – деді министр.
Жаңа цифрлық құралдар еңбек қатынастарының ашықтығын арттырып, қызметкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге және еңбек дауларының санын азайтуға көмектеседі деп күтіліп отыр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда тағы бір мамандық иелерінің жалақысы 70%-ға дейін өсетіні хабарланды.