Еңбек нарығында 300 мыңға жуық жұмыссыз жас бар – министр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Үкімет отырысында айтты.
Еңбек нарығында 300 мыңға тарта жұмыссыз және NEET санатындағы жастар, 80 мыңнан астам көпбалалы және мүгедіктігі бар бала тәрбиелеп отырған аз қамтылған отбасылар бар. Бұл әрбір мұқтаж топ үшін арнайы тәсілдер құралдар қабылдауды талап етеді, - деді ол.
Министрдің айтуынша, ақпараттық жүйелерді сараптау нәтижесінде әлеуметтік қолдауды және жұмыспен қамтуды қажет ететін азаматтарды «Ерте анықтау жүйесі» енгізіледі.
Бұл орайда Цифрлық карта арқылы әлеуметтік мәртебесі (статусы) жоқ, қолдауға мұқтаж азаматтардың портреті әзірленіп, олардың нақты қажеттіліктері анықталады. NEET жастар үшін «Алғашқы жұмыс орны», түлектер үшін «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары аясында субсидиялаудың ұзақтығы мен мөлшері ұлғайтылды, - деді ол.
Министрдің айтуынша, жастарды жұмысқа баулу және ынталандыру үшін заңнамаға «жас жұмысшы» ұғымын енгізіп, олар үшін сынақ мерзімін алып тастау, басқа өңірден келген жастарға тұрғын үй жалдау үшін көтерме жәрдемақы енгізу бойынша шаралар қолданылады.
Көпбалалы отбасылар (76,8 мың) мен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар (7 мың) үшін қазіргі кезде қызмет ететін үлгідегі Әйелдерді қолдау орталықтарын барлық өңірде құру жоспарланып отыр. Бұл орталықтарда жыл сайын 20 мыңға жуық әйелге кешенді қолдау көрсетіледі, - деді ол.