Кеше 2026, 21:19 Фото: depositphotos.com

Еңбек нарығы: Қай салада қанша адам жұмыс істейді?

Ең көп жұмыспен қамтылғандар бұрынғысынша көтерме және бөлшек сауда, сондай-ақ автокөлік пен мотоциклдерді жөндеу саласында еңбек етеді.

Қазақстанда экономиканың негізгі салаларында жұмыспен қамтылғандар саны артып келеді. 2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша өнеркәсіп, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жұмыспен қамту көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өскен. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлім етті.

Ең көп жұмыспен қамтылғандар бұрынғысынша көтерме және бөлшек сауда, сондай-ақ автокөлік пен мотоциклдерді жөндеу саласында еңбек етеді. Бұл секторда 1 млн 571,4 мың адам жұмыс істейді, бұл елдегі жұмыспен қамтылған халықтың 16,7 пайызын құрайды.

Білім беру саласында жұмыспен қамтылғандар саны 1 млн 251 мың адамға жетіп, бір жыл ішінде 0,5 пайызға артты.

Өнеркәсіп саласында еңбек ететіндер саны 1 млн 185,7 мың адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға көбейді. Оның ішінде тау-кен өндіру және карьерлерді қазу саласында 298,3 мың адам жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда 3,4 пайызға жоғары.

Құрылыс саласында жұмыспен қамтылғандар саны 643,8 мың адамға жетті. Ал өңдеу өнеркәсібінде 624,8 мың, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында 616,7 мың, көлік және қоймалау саласында 663,2 мың адам еңбек етеді.

Жалпы, 2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша елдегі жұмыспен қамту құрылымы тұрақтылығын сақтап, экономиканың негізгі салаларында еңбек ететін азаматтар санының оң өсімі жалғасып отыр.