31 желтоқсанда жұмыстан ерте кетуге бола ма? Еңбек министрлігі демалыс туралы айтты
Желтоқсанда қазақстандықтарды Тәуелсіздік күніне орай бір қосымша демалыс күні күтіп тұр, ал Жаңа жылды қарсы алуға басым көпшіліктің жұмыстан кейін дайындалуына тура келеді. 2026 жылдың соңғы күні бейсенбіге сәйкес келеді және жұмыс күні болып қала береді. Дегенмен бес күндік жұмыс аптасымен істейтіндер үшін жаңажылдық демалыс қатарынан төрт күнге созылады.
Қазақстандықтардың желтоқсанда қалай жұмыс істеп, қалай демалатынын және қандай жағдайда 31 желтоқсан демалыс күні бола алатынын Еңбек министрлігі айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстандықтар желтоқсанда қалай демалады?
16 желтоқсанда аталып өтетін Қазақстанның Тәуелсіздік күні биыл сәрсенбіге түсіп тұр. Сондықтан қосымша демалыс күні жұмыс аптасын қақ ортасынан бөледі. Демалыс күндерін ауыстыру қарастырылмаған.
Бес күндік жұмыс аптасында желтоқсанда 22 жұмыс күні және тоғыз демалыс күні болады. Өндірістік күнтізбеге сәйкес, қазақстандықтар 5, 6, 12, 13, 16, 19, 20, 26 және 27 желтоқсанда демалады.
Алты күндік жұмыс аптасында 26 күн жұмыс істеп, бес күн демалуға тура келеді: 6, 13, 16, 20 және 27 желтоқсан.
31 желтоқсанда жұмыс істемеуге бола ма?
Жылдың соңғы күндері – 30 және 31 желтоқсан – жұмыс күндері болып қала береді. Заңнамада Жаңа жыл алдындағы жұмыс күнін міндетті түрде қысқарту да қарастырылмаған.
Еңбек министрлігі ұлттық және мемлекеттік мерекелер аталып өтетін күндер ғана жұмыс істемейтін күндер болып саналатынын түсіндірді. Бұл ретте мерекелік күндер, әдетте, маңызды тарихи, мәдени немесе қоғамдық-саяси оқиғалардың құрметіне белгіленеді.
Алайда қолданыстағы заңнама жұмыс берушілерге қызметкерлердің жағдайын ескеріп, оларға Жаңа жылға дайындалуға көбірек уақыт беруге мүмкіндік береді.
«Қолданыстағы еңбек заңнамасы жұмыс берушілерге қызметкерлермен келісім бойынша 31 желтоқсанды қысқартылған жұмыс күні ретінде белгілеуге, икемді жұмыс уақыты кестесін қолдануға не қызметкерлерді жұмыстан толық босатуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты жұмыс беруші еңбек заңнамасы, ұжымдық шарт шеңберінде 31 желтоқсанды мерекелік демалыс күні ретінде бекітуге құқылы», – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Нақты бір ұйымда 31 желтоқсанның демалыс күні болу-болмауы жұмыс берушінің шешіміне және қызметкерлермен арадағы уағдаластыққа байланысты.
Жаңа жылда неше күн демаламыз?
«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға сәйкес, 1 және 2 қаңтар – ресми мереке күндері. 2027 жылы олар жұма және сенбі күндеріне сәйкес келеді.
Бес күндік жұмыс аптасында:
-
31 желтоқсан – жұмыс күні;
-
1-4 қаңтар – демалыс күндері;
-
5 және 6 қаңтар – жұмыс күндері;
-
7 қаңтар – православиелік Рождество құрметіне демалыс күні.
Алты күндік жұмыс аптасында қазақстандықтар 1-3 қаңтар аралығын қоса алғанда демалып, 4 қаңтарда жұмысқа шығады.
Оқушылардың қысқы каникулы қашан басталады?
Оқушылардың демалысы ересектерге қарағанда ертерек басталады. Оқу-ағарту министрлігі бекіткен кестеге сәйкес, қысқы каникул 14 күнтізбелік күнге – 2026 жылғы 28 желтоқсаннан 2027 жылғы 10 қаңтарды қоса алғандағы мерзімге созылады.