Қазақстанда харассментке қарсы заң әзірленіп жатыр
Заң жобасында жұмыс орнындағы харассмент ұғымы мен жұмыс берушінің жауапкершілігі қарастырылған.
Харассмент туралы заң жобасын 2026 жылы қарауға енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, 2022 жылы Халықаралық еңбек ұйымы Қазақстан мен бірқатар елге харассментке қарсы нормаларды заңнамалық тұрғыда бекітуді қарастыруды ұсынған.
2023 жылы біз Еңбек министрлігінің бастамашыл заң жобасын заң жобалау жұмыстарының жоспарына енгізу үшін Әділет министрлігіне өтінім бердік. 2024 жылы бұл жоспар қалыптастырылып, бекітілді. Ал 2025 жылы заң жобасын дайындап, әзірледік, енді оны Құрылтайға енгізіп жатырмыз, – деді министр.
Ол харассмент туралы заңға енгізілетін түзетулер жұмыс берушілермен және құқық қорғау ұйымдарымен бірге талқыланып жатқанын айтты.
Жұмыс берушілер мен “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы мұндай түзетуді енгізу қажет екенін түсініп отыр. Бірақ бұл жерде нақтылай түсетін мәселелер көп: қандай нормалар заңға енгізіледі, қайсысы заңға тәуелді актілермен реттеледі, жұмыс берушілерге қандай жауапкершілік жүктеледі, жауапкершіліктің қандай түрлері болады және тағы басқа, – деді ведомство басшысы.
Министрлік әзірлеген заң жобасында жұмыс орнындағы харассментке қарсы бағытталған түзетулер қарастырылған. Атап айтқанда, харассмент ұғымын заң жүзінде бекіту және мұндай жағдайлар анықталған кезде жұмыс берушінің жауапкершілігін белгілеу ұсынылып отыр.