Еңбек мигранттарын емханаға тіркеу тәртібі қалай өзгерді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл сайын 15 қыркүйекте емханаға тіркеу науқаны басталады. Екі айға созылатын дәстүрлі кампания қарашаның 15-інде аяқталады. 

Бұл туралы ӨКҚ алаңында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиал директорының орынбасары Ғайни Аймағанбетова айтты.

Денсаулық сақтау министрінің 28 шілдедегі бұйрығы негізінде емханаға тіркеу тәртібіне өзгерістер енгізілген еді. Жаңа бұйрыққа сәйкес, бұдан былай Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттары емханаға тіркелу үшін ерікті медициналық сақтандыру полисін сатып алуы тиіс, - деді ол.
Ол атағандай, мигранттар алдымен емханаға барып, өтініш жазады.
Немесе өтінішті ерікті сақтандыру туралы келісімшарт бекіткен сақтандыру компаниясының өкілдері жаза алады. Жалпы ЕАЭО елдерінен келіп жұмыс істеп жатқан мигранттар сақтандыру төлемдерін төлеп, МӘМС пакетіндегі қызметтерді толық пайдалана алады. Емханаға тіркеу азаматтардың тұрақты немесе уақытша тұратын мекенжайы бойынша жүргізіледі. Бұл қазіргідей пандемия тұсында мобильді бригадалар мен дәрігер шақыртушылар саны артқанда өте үлкен маңызға ие болып отыр, - деді Ғайни Аймағанбетова.
Оның сөзінше, әр адам бір әкімшілік-аумақтық бірлік аясында емханалардың бірін таңдауға құқығы бар.
Ал шекаралас аймақтардың тұрғындары жақын маңдағы әкімшілік аумақ ішіндегі медицина ұйымына тіркеледі. Емхана өзі қызмет көрсететін аймақтан тыс жерде тұратын азаматтарды тіркеуден бас тартуы мүмкін. Сондай-ақ бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекеме жүктемесі шектен асып кетсе де, тіркеуден бас тарта алады. Себебі қолданыстағы нормативтерге сәйкес, учаскедегі жалпы практика дәрігеріне тіркелген науқас саны 1700-ден аспауы тиіс, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы